Британдық Forbes, The Guardian, Times журналистері Қазақстанның Astana Hub және IT-стартаптарымен танысты
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырған шетелдік журналистердің Қазақстанға сапары барысында Astana Hub-қа 12 қазанда британдық іскерлік басылымдардың: Forbes.com, Guardian, Financial Times, Spectator, New Statesman, Times, Telegraph, Schon! Online, Fused mag, SoEdited.com, The Mail on Sunday, International Business Times, Business Leader Magazine өкілдері келді.
Журналистерге Astana Hub технопаркінің қазақстандық және шетелдік стартаптарға дамудың түрлі сатыларында ұсынатын қазіргі қызметі мен шарттары туралы айтылды. Кездесу барысында технопарк резиденттері - Cerebra, Egistic және Parqour компаниялары өздерінің IT – өнімдерін таныстырды.
Cerebra жобасының негізін қалаушысы және басқарушысы Досжан Жүсіпов өз жобасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Cerebra - инсульттің ерте сатысындағы диагностикасы мен оны алдын алуға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық жасақтама. Жоба 2018 жылы Алматы, Қарағанды және Өскемен қалаларындағы инсультпен күрес қызметтерінің базасында компьютерлік томографияда (КТ) бас миы инсультінің ерте кездегі белгілерін анықтау үшін невролог-дәрігерлерге, рентгенологтарға, тамырлы нейрохирургтарға және реаниматологтарға көмек ретінде басталды.
Egistic стартапы туралы жоба жетекшісі Жандос Керімқұлов айтып берді. Egistic - ыңғайлы веб-интерфейсі бар фермерлерге арналған, жасанды интеллект технологияларына негізделген бағдарламалық жасақтама. Спикер Egistic ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін ұлғайтуға, тоғыз күнге дейінгі мерзімге нақты ауа райы болжамдарын алуға, отын мен ресурстарды үнемдеуге, жұмыс процесінің сапасын арттыруға, сондай-ақ әлемнің кез келген нүктесінен ақпаратқа қол жеткізуге көмектесетінін атап өтті.
Parqour жобасының нөмірді тану алгоритмдері негізінде қаланың тұрақ кеңістігін басқару шешімін стартап бизнесін дамыту жөніндегі менеджер Ілияс Бәкіров ұсынды. Ол Parqour жобасының артықшылықтары ретінде билетсіз бақылау және онлайн-төлемдердің интеграцияланған жүйесі арқылы автотұрақты пайдалану ыңғайлылығын арттыру, пайдалану шығындарын азайту және тұрақ кеңістігі иелерінің кірістерін арттыруды атады.
Презентация соңында журналистер стартаптарды одан әрі дамыту жоспарлары, сондай-ақ Astana Hub резиденттері немесе технопарк бағдарламаларының қатысушылары бола отырып, IT-компаниялар алатын преференциялар мен артықшылықтар туралы сұрақтар қойды.
Бұдан әрі қонақтар оқыту жүйесі әлемге әйгілі Ecole 42 мектептер желісінің принциптеріне негізделген, Alem бағдарламалау мектебінің жұмысымен танысты. Alem өкілдері Ecole 42 негізін қалаушы – Николя Садирактың идеясы туралы айтып берді. Ол көп жылдық оқыту негізінде алғаш рет құзыреттілігі жиі тез ескіретін оқытушылардан бас тартуды ұсынды және студенттерді өзара оқыту тәсілін қолданды (peer-to-peer). Қазіргі уақытта Alem түлектері 120-дан астам адам болды, олар 1-3 жыл ішінде әзірлеушілердің middle/senior дағдыларын игерді. Журналистердің ерекше қызығушылығын стандартты емес оқыту әдістемесі мен оқу орнының тәулік бойы жұмыс істеу режимі тудырды.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін