Astana Innovations Accelerator: елорданың дамуы мен жайлылығына арналған технологиялар

Astana Hub, Астана қаласының әкімдігі және «Астана Innovations» АҚ бірлесіп Astana Innovations Accelerator бағдарламасы іске қосылғанын хабарлайды. Жоба стартаптардың басын қосып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған заманауи технологияларды әзірлеу және енгізу мақсатын көздейді. Қатысушылар шаһардың өзекті мәселелеріне арналған шешімдер жасап, оларды нақты жағдайда сынақтан өткізеді.


Өтінімдер 2025 жылғы 3 қыркүйекке дейін astanahub.com платформасында қабылданады.

Бағдарламаға дайын шешімдері бар стартаптар да, сондай-ақ Астана әкімдігінің техникалық тапсырмасы бойынша өнімді нөлден бастап әзірлеуге дайын командалар да қатыса алады. Соңғы жағдайда жасалған жобаны елордада бірегей шарттармен енгізіп, кейін басқа қала мен елдерге тарату мүмкіндігі қарастырылған. Барлығы 15 жоба іріктеледі: оның 10-ы дайын шешімдері бар стартаптар, 5-і – жаңа өнім жасайтын командалар. Олар пилоттық кезеңнен өтіп, технологияларын мегаполистің нақты жағдайына бейімдейді. Мұндай тәсіл командаларға қаланың негізгі міндеттерін тікелей шешіп, пайдаланушылардың сұранысына қарай өнімді жедел жетілдіруге ықпал етеді. Пилоттық кезеңнен өткен үздік стартаптар 5 000 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, SAFE келісіміне қол қояды.

Акселераторға түрлі елдердің стартаптары қатыса алады. Бірақ Қазақстанда заңды тұлға тіркеу және табысты тек басым қызмет түрлерінен алу – міндетті шарт. Бұл халықаралық серіктестікке жол ашып, ұлттық инновациялық экожүйенің дамуына ықпал етеді.

«Astana Innovations Accelerator қала мен технологиялық командаларды байланыстыратын көпірге айналады. Біз үшін жасалған шешімдердің іс жүзінде қолданылып, елордадағы өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосуы аса маңызды. Бағдарлама бас қаланың өркендеуіне қарқын қосатын жобаларға жол ашады», – деді Ғизат Әмірғали, «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы.

«Бағдарламаның форматы шаһардың нақты міндеттерін шешуге бағытталған. Қатысушылар өз жобаларын елорданың нысандарында сынап, тиісті қызметтермен бірлесіп жұмыс істейді және салалық сарапшылардың қолдауына ие болады. Бұл – шешімдерді қалалық жүйеге енгізудің нақты жолы. Мұнда қауіпсіздікті арттыру, процестерді оңтайландыру және қызмет сапасын жақсарту сынды бағыттар қамтылады. Бағдарлама елорданың дамуына тың серпін беретініне сенемін», – деді Ербол Ахметов, Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры.

Бастама денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, абаттандыру, инфрақұрылым, көлік, экономика, бизнес және экология сияқты негізгі салаларда тиімді технологиялық шешімдерді енгізуді көздейді. Қатысушы командалар өз жобаларын қалалық нысандарда сынақтан өткізіп, трекерлердің жеке сүйемелдеуінен өтіп, воркшоптарға қатысып, салалық сарапшылардан кеңес ала алады.

Astana Innovations Accelerator 2025 екі ай бойы өтіп, Demo Day іс-шарасымен аяқталады. Бұл күні қатысушылар пилоттық жобаларының нәтижелерін мемлекеттік органдар өкілдеріне, бизнес-қауымдастыққа және инвесторларға ұсынады. Болашағы зор жобаларға кеңінен тарап, жаңа нарықтарға шығуы үшін қолдау көрсетіледі.

Бағдарлама туралы толық ақпарат пен өтінім беру тәртібі Astana Hub платформасында қолжетімді.

Пікірлер 7

Кіру пікір қалдыру үшін