Digital Bridge 2025: Астанадағы технологиялар мен инновациялар форумы

2025 жылдың 2-4 қазаны аралығында Астана қаласында Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар, стартаптар және жасанды интеллект саласындағы ең ірі халықаралық шара — Digital Bridge 2025 форумы өтеді. Форум Astana Hub халықаралық инновациялық кластері мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен (ЦДИАӨМ), сондай-ақ Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылады.


Digital Bridge форумы жыл сайын әлемдік ІТ-индустрия көшбасшыларын, технологиялық инноваторларды, инвесторларды, мемлекеттік органдар өкілдерін, венчурлік қорлар мен стартап-экожүйе қатысушыларын біріктіріп, цифрлық трансформацияның жаһандық трендтерін, жасанды интеллект дамуын және өңірлік технологиялық ынтымақтастықты талқылауға мүмкіндік береді.

Форум алғаш рет ұйымдастырылған күннен бастап, Digital Bridge Еуразия аймағындағы басты технологиялық шара ретінде танылды. Осы уақыт ішінде форумға 100-ден астам елден 67 000-нан астам қатысушы, 1 000-нан астам спикер, 550 мемлекеттік және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. 500-ден астам стартап өз жобаларын таныстырып, 500-ге жуық инвесторлар іскерлік бағдарламаларға атсалысты.

Форумның стратегиялық мақсаты — Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын технологиялық хаб ретінде таныту және инновацияларды экспорттай алатын, жаһандық технологиялық өнімдер шығара алатын тұрақты цифрлық экожүйе қалыптастыру.

Digital Bridge 2025 форумының басты тақырыбы — Generative Nation тұжырымдамасы. Бұл — озық технологиялар, жасанды интеллект және адами капиталға негізделген білім қоғамын құруға бағытталған елдің стратегиялық бағдары. Generative Nation — Қазақстанның технологияны тұтынудан оны жасауға және халықаралық нарыққа шығарып, ауқымдауға көшуін білдіреді. 

Форум аясында әлемдік AI-индустрия көшбасшыларының қатысуы, alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы, Generative Nation Pitch байқауының финалы, Astana Hub Battle стартап сайысы, Startup Alley технологиялық шешімдер көрмесі, цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктері үшін Digital Bridge Awards премиясының жеңімпаздарының марапатталуы, панельдік сессиялар, интерактивті аймақтар және deep tech-пікірталастар өткізу жоспарланып отыр. 

AI WEEK — жасанды интеллект саласындағы білім, ғылым, инвестиция және мемлекеттік саясат түйіскен іс-шаралар апталығы 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Бұл — форумның ажырамас бөлігі болып табылады және университеттер, зерттеу орталықтары, венчурлік қорлар, стартаптар, халықаралық ұйымдар және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерінің басын қосады. Апта барысында AI және Data Science саласындағы әлемдік және қазақстандық сарапшылардан мастер-кластар, университеттерде ашық дәрістер, deep tech-сессиялар, воркшоптар, AI meetup-тар, Generative Nation Pitch байқауының мектеп оқушылары, студенттер мен жас ғалымдарға арналған жартылай финалы және мәдени іс-шаралар өтеді. AI Week мақсаты — жастарды, стартаптарды және ғылыми қауымдастықты технологиялардың дамуына белсенді тарту және жаңа буын AI көшбасшыларын қалыптастыруға ашық орта құру.

Generative Nation Pitch — төрт санат бойынша өтетін ашық байқау: мектеп оқушылары, студенттер, MVP-і бар стартаптар және ғылыми командалар. Жобалар үш кезең бойынша бағаланады: алғашқы кезеңде жобалар AI-технологияларды қолдану, идеяның түпнұсқалығы, масштабтау әлеуеті, команданың құзыреттілігі, презентацияның анықтығы мен тұтастығы, сондай-ақ жобаның этикалық аспектілері бойынша сарапталады.

Astana Hub Battle — форумның маңызды әрі танымал шараларының бірі. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерден 100-ден астам стартап өз жобаларын халықаралық қазылар алқасына, венчурлік инвесторларға, технологиялық корпорациялар мен БАҚ өкілдеріне ұсынады. Атап айтқанда, 3 қазан күні – жартылай финал, ал 4 қазанда форумның басты сахнасында үздік 10 стартаптың қатысуымен – финал.

Digital Bridge Awards 2025 марапаты да форум аясында табысталады. Бұл — Қазақстанда және шетелдерде ІТ-саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілетін жоғары марапат. Биыл марапат 8 номинация бойынша табысталады: Export ExcellenceTech Leadership LaureateAI Solution of the YearEdTech of the YearGovTech InnovationTech Media ExcellenceSocial Impact Project и Breakthrough Startup. Бұл жерде жеңімпаздар төрт кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады: онлайн өтінім беру, қосымша сауалнама, жасанды интеллект арқылы автоматты талдау және сарапшы қазылар алқасының бағалауы.

Startup Alley көрмесінде отандық және шетелдік стартаптар финтех, EdTech, GovTech, Big Data, AR/VR, тұрақты даму, экотехнологиялар мен киберқауіпсіздік салаларындағы инновациялық шешімдерін таныстырады. Digital Bridge 2025-тің арнайы көрме аймағында жетекші ІТ-компаниялардың соңғы жетістіктері көрсетіледі. Қатысушылар ЖИ, бағдарламалық қамтамасыз ету, финтех, GovTech және басқа да салалардағы заманауи цифрлық өнімдермен, қызметтермен, технологиялық шешімдермен және прототиптермен тікелей таныса алады.

Үш күннің ішінде форум алаңында ондаған панельдік пікірталас, презентациялар, кездесулер, питчтер мен воркшоптар өтеді. Бұл мемлекет, технологиялық бизнес, ғылыми қауымдастық және жастар бастамалары арасындағы диалогты дамытуға арналған бірегей мүмкіндік.

Digital Bridge 2025 — бұл жай ғана форум емес, ол цифрлық трансформацияның катализаторы, халықаралық байланысты нығайтатын, инновациялық экожүйені дамытатын және Қазақстанның жаңа цифрлық болмысын қалыптастыратын стратегиялық платформа. 

Толығырақ ақпарат ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сайтында

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін