Қазақстанда алғаш рет метағаламда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Виртуал әлемдегі алғашқы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 100 студент және 10 компания қатысты. Платформаны Astana Hub пен Vardix ұйымдастырды. Жәрмеңкеге тіркелгендер оған кіруге рұқсат алды.


«Платформа әуелде компанияның ішкі қолданыс құралы ретінде құрастырылған болатын. Кейін басқалармен бөліскен жөн дедік. Платформаны қолданушылар жәрмеңкеде оның мүмкіндіктерін толық қолданбады. Біз оны жетілдіріп, виртуал әлемде бұдан да масштабты шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне платформаны 2-3 апта дайындадық. Локацияны модельдеу, стендтерді орналастыру және VARGATES қызметін қосу жұмысын жүргіздік», - деді DreamLight ЖШС-і директоры Александр Мазуренко. 

Метағаламдағы жәрмеңкеде ҰАТ, Wooppay, Halyk, DataArt, Kazdream, Kolesa group, Sergek group, ЦЭФ, Big Dream және ProSklad секілді жетекші IT-компаниялар бос жұмыс орындарын ұсынып, үміткерлермен виртуал ортада кездесті. Ал, жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен танысып, ұсынылған қызмет түрлерін саралап, рекрутерлермен  виртуал әңгімелесті.

 

Мәселен, Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін түрлі төлемдерге қатысты технологиялық шешімдер ойлап тауып, қолданысқа енгізетін Wooppay халықаралық финтех-компаниясының HR мамандары жәрмеңкеде 30 шақты адаммен әңгімелесу өткізген.  

«Бос жұмыс орындарын сұраушылар әлі де бар. Оларды кезекпен қарастырып жатырмыз, бәріне міндетті түрде жауап береміз. Жұмыс іздеушілердің көбі – студенттер. Олар оқып жүріп, біздің компанияда өндірістік тәжірибеден немесе тағылымдамадан өте алады. Data Science саласында маманданған үміткерлерді штатты кеңейткен жағдайда жұмысқа алу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұдан бөлек, кейбір жұмыс іздеушілер қашықтан жұмыс істеуді қалап отыр. Ал, жұмысқа қабылданса, көшіп келуге дайын үміткермен онлайн-кездесу жоспарлап қойдық», - дейді Wooppay компаниясының рекрутері Дамелия Қанафина. 

Виртуал жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 35 студент жұмыс берушілермен нөмір алмасты. Жұмыс іздеуден бөлек, платформа қолданушылары онлайн-экскурсия жасап, Astana Hub-тың ішін аралап шықты.  

 «Виртуал жәрмеңке - өте өзекті және жақсы жүзеге асырылған идея.  Бұл метағаламдағы алғашқы тәжірибем болды. Қызылордадағы үйімде отырып, Astana Hub-та офлайн форматтағы шаралар көп өтетінін көретінмін. Ал метағаламда технопаркке онлайн кіріп, аралап шыққаныма  қуандым», - деді еңбек жәрмеңкесіне қатысқан GameDev саласындағы бағдарлама әзірлеуші Нұрсұлтан Атымтай. 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

выглядит неплохо

Жауап беру