Astana Hub-тағы Pitch Day-де халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 11 стартаптың таныстырылымы өтті
Инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған IT-шешімдерді іріктеу мақсатында Астана әкімдігі Халықаралық технопаркпен бірлесіп, Pitch Day ұйымдастырды. Жобалар төрт бағыт бойынша бағаланды: білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және аймақты басқару.
"IT саласы мен цифрландыруды дамыту үшін барлық жағдай жасалған, өйткені бұл бағыт - бүгінгі таңда әкімдіктер мен министрліктер жұмысының ажырамас бөлігі. Цифрлық технологиялар біздің өмірімізге қарқынды еніп жатқандықтан, сіздер ұсынған бастамалар қала деңгейінде жүзеге асырылады деген үміттемін. Астана әкімдігі әрдайым көмек көрсетуге дайын",- деді іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.
Жиналғандардың назарына елорда әкімдігімен бірге пилоттық жобаны іске қосып, қаланың дамуына өз үлесін қосуды көздеген 11 стартап ұсынылды. Мысалы, "Қолжетімді аула" жобасы автоматты шлагбаумдар мен қақпалар орнатылған ТК аулаларына шұғыл қызметтердің көлігін кіргізу мәселесін шешеді. Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Aiel Space қосымшасы ұсынылды. Қатысушылар ұсынған тағы бір ІТ-шешім - Teacheers Lab, мұғалімдердің жұмыс сапасын жақсартып, кәсіби мәселелерді шешуге бағытталған.
Сондай-ақ мынадай жобалар ұсынылды:
- ITLS - интерактивті тапсырмалардың білім сервисі;
- Halyq aitsa - шағымдар мен ұсыныстарға қол жинау кезінде уақыт пен ресурстарды үнемдейтін қосымша;
- Jaryq - виртуалды тағылымдамалары бар білім беру платформасы;
- Anthill - "жайлы қаланы" қамтамасыз етуге мүдделі барлық қатысушыларды біріктіретін жоба;
- Firewatch - Астананың барлық ғимараттарына мониторинг жасау және өрт сөндіру қызметін дер кезінде хабардар ету жүйесі;
- TazaLike – қаланы тиімді тазалауға арналған қосымша;
- kz -газ, су, мұнай тасымалдауға арналған қосымша және энергия ресурстары мен технологиялық параметрлерді есепке алу мониторингі;
- АСГОР-ЖЕР - жер қатынастарын есепке алу жүйесі.
Іс-шара гибридті форматта – офлайн және онлайн өтті. Стартаптардың әлеуетін бағалаған қазылар алқасының құрамы:
- Ерлан Бекмұрзаев, Астана әкімінің орынбасары;
- Мейрамбек Әшірбеков, Астана қаласы цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы;
- Ерсұлтан Ерманов, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры;
- Нұрсұлтан Қалдыбаев, "Astana Innovations" АҚ басқарма төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана әкімдігі мен Astana Hub елорданың дамуына өз үлесін қосқысы келетін стартаптардың ІТ-шешімдерін іздейтінін хабарлаған болатын. Осылайша, стартаптар әкімдік алдында өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ қатысушылар нетворкинг, өзара фидбэк және басқа стартапшылармен ынтымақтастық орнату мүмкіндігіне ие болды. Pitch Day-ге қатысқан әрбір жобаның авторы одан әрі жұмыс істеу үшін цифрландыру басқармасының өкілдерімен кездесуге шақырылады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін