290 білім маманы AI мен GameDev-ті меңгерді: қазақстандық оқушылар өздерінің IT-өнімдерін жасауда
Қазақстанда Tech Orda бағдарламасының арнайы легі аясында цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды оқыту бойынша пилоттық бағдарлама аяқталды. Нәтижесінде 290 адам, оның ішінде 167 мектеп мұғалімі және «Өрлеу» орталығының 123 тренері жасанды интеллект пен ойын әзірлеу технологияларын меңгерді.

Енді оқушылар тек бағдарламалауды меңгеріп қоймай, заманауи технологияларды пайдаланып, өздерінің IT-өнімдерін жасай алады. Ал оқуды аяқтаған педагогтар оқушыларға цифрлық құралдарды игеруге және оларды іс жүзінде қолдануға көмектесуде.
«Біз Қазақстанда IT-білім берудің тұтас экожүйесін құруға күш салып жатырмыз. Біздің мақсат – мегаполистерден бастап шалғай ауылдарға дейін педагогтар мен оқушыларға цифрлық дағдыларды тең қолжетімді ету», – деді Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова. – Мектеп оқушыларына бағдарламалау негіздерін үйретуді көздейтін бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда және оның маңызды бөлігі – мұғалімдерді Tech Orda бағдарламасы арқылы даярлау. Сонымен қатар Astana Hub Education LMS платформасында 22 000-нан астам жоғары сынып оқушысы Now Code және Low Code IT-курстарынан өтті. Бұл – елдің технологиялық болашағын қалыптастыратын цифрлық мамандарды дайындауға арналған кешенді жүйе».
Бұл бастаманың жарқын үлгісі ретінде Жаңаөзен қаласындағы Дарын №13 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Гүлнұр Ибраеваның жұмысын айтуға болады. Ол оқушысымен бірге GameMaker платформасында «Алдар Көсе» интерактивті ойынын әзірлеп, қазақ халық ертегісін ойын форматына айналдырды. Жоба «Дарын» қалалық байқауының жеңімпаздары қатарынан көрініп, цифрлық технологиялардың ұлттық мұраны сақтаудағы әлеуетін көрсетті. «Оқушы ойындарды тек ойнап қана қоймай, оларды өзі жасай алатынын түсінген кезде, оның технологияларға деген көзқарасы өзгереді. Ол жай ғана тұтынушы емес, әзірлеушіге айналады», – деп бөлісті Гүлнұр Ибраева.
Осыған ұқсас әдісті педагог Маханбет Сатлабаев та қолданды. Ол оқушыларды қазақ батырларының тарихымен ойын форматы арқылы таныстыруды жөн көрді. Өз шәкіртімен бірге «Game of Heroes» ойынын жасап, онда қазақ батырларының ерліктерімен танысуға мүмкіндік берді. «Балалардың өз тарихын тек оқулықтардан ғана емес, түрлі заманауи тәсілдер арқылы тануы маңызды. Мен оқушыма өткен дәуірдің ұлы тұлғалары туралы ойын арқылы баяндауға болатынын көрсеткім келді», – деді педагог. – Нәтижесінде «Game of Heroes» ойыны республикалық «Зерде» байқауында үшінші орынды иеленді».
Биология пәнінің мұғалімі Рыскүл Нұрова да ерекше нәтиже көрсетті. GameDev-ті меңгергеннен кейін ол курс бойынша үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, енді биология пәнін оқытуда цифрлық құралдарды қолдануды жоспарлап отыр. Бұл оның сабағын көрнекі әрі тартымды етуге мүмкіндік береді.
Оқу алты айдан астам уақыт бойы қазақ және орыс тілдерінде nFactorial және Omnium жетекші IT-мектептерінің басшылығымен өтті. Бағдарлама аяқталғаннан кейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп, жасанды интеллект және GameDev бойынша білім беру бағдарламаларын пилоттық мектептердің оқу жоспарларына енгізуге кірісті.
Суреттер: ҚР ОМ
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Аружан Өмірзақ · Наурыз 12, 2025 12:18
круто
Аружан Өмірзақ · Наурыз 12, 2025 12:17
.......