Astana Hub ұйымдастырған цифрландыру бойынша курсқа 31 компания қатысты
Astana Hub-та 67 тыңдарман компанияларда автоматтандыруды сәтті енгізуге арналған цифрлық құзыреттерді арттыру тегін оқу курсынан өтті. Олардың арасында – бизнес иелері, топ-менеджерлер, R&D басшылары және т.б. Олардың барлығы өз саласында бәсекеге қабілетті әрі заманауи болғылары келеді.
Курсқа қатысушылар инновациялық технологиялар мен цифрлық өнімдермен жұмыс жасауды, эффективті байланыстар құру үшін ортаны құру талаптарымен танысты. Сонымен қатар тәжірибелі мамандар онлайн-кездесу форматында цифрлық өнімді қалай әзірлеу, нарықтағы тұрақсыздықты ескере отырып, оны қалай зерттеу сияқты сұрақтарға жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
"Цифрландыру заманында бизнестің барлық салаларында қызметкерлердің дағдыларын дамыту маңызды болып табылады. Біріншіден, бұл еңбек нарығындағы қызметкердің бәсекеге қабілеттілігінің қажетті деңгейіне қол жеткізуге, оның жаңа жағдайларға тиімді бейімделуіне ықпал етеді. Екіншіден, аталған курстардан өту және осындай дағдыларды игеру қызметкерлердің жаңа цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануын қамтамасыз етеді, демек, қызметкерлер мен кәсіпорындар тиімділігінің өсуіне, жалпы қоғам мен экономиканың дамуына ықпал ететін болады", — деп бөлісті Astana Hub корпоративтік инновациялар және цифрлық құзыреттер кеңсесінің директоры Жанерке Егеубаева.
Курстың спикерлері ретінде Оңтүстік IT-парк акселераторының жетекшісі, 2UP-тың негізін қалаушысы және CEO, корпоративтік трекер Богдан Одарченко және ерте кезеңдегі жобалар трекері, жеке және бизнес коуч Мария Головач сөз сөйледі.
"Мұндай курстар міндетті түрде қажет. Біз жобалық менеджмент негіздері, lean Startup бойынша жедел білім алдық, бізге технологиялық шешімдері бар жобалар бойынша сәтті кейстерді көрсетті. Сондай-ақ, спикерлер мотивация берді, енді мен қай кезде чекап ұйымдастыру керектігін, дұрыс бағыт бойынша келе жатқаныма көз жеткізу керектігін, әлде пивот жасап, қайтадан сынап көру керек екенін білемін", - деп бөлісті "Лучшая инвестиция" консалт-орталығының басшысы Айнұр Заурбекова.
* Курстар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы экожүйенің стартапын дамыту бойынша мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде өткізілді.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін