35 стартап-жоба Scalerator 2022 бағдарламасынан өтіп, шетелдік нарыққа шықты
Astana Hub халықаралық технопаркі Scalerator акселерация бағдарламасын қорытындылады. 35 стартап-жоба экспорттық қызметті қолдау мен дамытуды жеделдетуге бағытталған бағдарламадан өтіп, соның ішінде 7 стартап акселерация кезінде экспорттық сатуды жүзеге асырды.
«IT-шешімдердің экспорты – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Отандық IT-саланың мақсаты – 2025 жылға қарай IT-экспорт көлемін $500 миллионға жеткізу, бұл тұрғыда Scalerator бағдарламасын осы міндетті іске асыруға жол ашатын құралдардың бірі ретінде қарастыру керек», - деп атап өтті Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.
Scalerator түлектерінің жұмыс нәтижесін қорытындылауға арналған Demo Day барысында стартап-жобалар инвесторлар мен бизнес-періштелердің назарына ұсынылды.
«Акселератордың арқасында біз шетелдік серіктестермен байланыс орнату әдістерін үйрендік. Бұл бағдарлама – бизнесті дамытып, әлемге танытуға көмектесетін білім қоймасы. Біз өзімізге маңызды нарықты айқындадық – АҚШ, Түркия және БАӘ. Бұл елдерде біздің жобаға деген қызығушылық өте зор. Біз контрагенттердің қайда орналасқанына қарамастан, 90 секунд ішінде шарт жасау мүмкіндігін береміз. Қазірдің өзінде халықаралық сатылымдарымыз бар. Біз Қазақстаннан шыққан unicorn (табысы $1 млрд асатын) компаниялардың бірі болатынымызға сенімдімін», - деп ой бөлісті Шыңғыс Дәулетбаев, TrustContract стартапының бас директоры.
Акселератор кезінде SmarTestPrep стартапы Индонезия, Вьетнам және Латын Америкасы нарықтарына шықты. Компания мыңнан астам талапкерлерге жалпы сомасы $10 млн стипендия алуға көмектесті.
Droppy ойынды Play Market және Apple Store-ға шығарды. Стартап КЕҰ өкілдерімен, Таяу Шығыс елдерінің (Сауд Арабиясы, БАӘ, Оман және Катар), АҚШ, Латын Америкасы (Колумбия, Боливия және Бразилия) министрліктерімен 120-ға жуық итерация жасады.
Alaqan биометриялық компаниясы Түркиядағы Akgün-мен серіктес болып, өнімді 500 түрік клиникасына енгізе бастады.
Ақылды құлыптарды қолдана отырып, пәтерлерді тапсыру процесін автоматтандыруға арналған бұлттық қызмет ApartX Түркияда олардың қызметі мен бизнесін дамытатын серіктесті тартты. Қазіргі уақытта стартап қонақ үйлер мен пәтерлерді автоматтандыруға көмектесетін халықаралық жүйелермен интеграциялануда.
Click Clog жүктеріне арналған тетрис қызметтерін көлік компаниялары, дистрибьюторлар мен өндірушілер пайдаланады. Акселератор кезінде стартап Linkedin арқылы жаңа сату жүйесін құрды, ол бірқатар жаңа келісімшарттар жасады. Компания АҚШ нарығында белсенді жұмыс істей бастады.
Dispatch5 жоба барысында $12 мың табыс тапты және компания қызметкерлерінің саны екіден он сегізге дейін ұлғайды.
Қазақстанның, Түркияның және Өзбекстанның көптеген қалаларында E-Knot онлайн қолтаңба алымдарын, келісімдер мен онлайн төлемдерді жүргізуге маманданған ТКШ цифрландыру сервисі іске қосылды.
Ezapp стартапы дистрибьюторлық компанияларға, FMCG өндірушілеріне сөрелердегі тауарларды бақылауға көмектесетін қызметті іске қосты, бұл олардың сатылымын 5 пайызға арттырды. Қазір олар Түркияның бірнеше компаниялармен келісім-шарт жасасып жатыр.
"10 апта ішінде командалар көптеген кісілер бір жылда жасай алмайтын жұмысты іске асырды. Тіпті жүздеген мың долларлық бюджеті бар компаниялар жаһандық нарықта мұндай нәтижеге 8-12 айда ғана қол жеткізеді. Ал мұнда командалар өте керемет нәтиже көрсетті. Олар шетелдік нарықта CustDev жасады, өте көлемді деректерді талдады, өздерінің клиенттерін тапты, ең бастысы - келісім-шарттарға қол жеткізді", - деді Николай Серкутан, акселератор трекері.
Еске салсақ, 2022 жылдың қыркүйегінде Scalerator бағдарламасына қатысу үшін 41 стартап-жоба іріктелді. 10 аптаға жалғасқан акселерациялық бағдарлама барысында сарапшылар мен трекерлер қатысушыларға экспорт құзіреттілігін арттырып, қажетті нарықты таңдап, тұрақты сатылымды жүзеге асыруға көмектесті.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін