Армида Салсия Алишахбана: Astana Hub-та инновация мен кәсіпкерлік өркендеп жатыр

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық орталық – Astana Hub-пен танысты. Оның экономика мен тұрақты даму саласындағы сараптамасы әлемдік деңгейде жоғары бағаланады.


Сонымен қатар Армида Алишахбана – бірнеше негізгі халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда АСЕАН пен Шығыс Азия бойынша экономикалық зерттеулер институты (ERIA) басқарушылар кеңесінің, Индонезия ғылым академиясы мен Статистикалық қауымдастық форумының мүшесі.

Ол сапар барысында Astana Hub экожүйесін аралап, технопарк инфрақұрылымы мен қазақстандық стартаптар әзірлеп жатқан инновациялық технологияларды зерттеді.

«Astana Hub-та инновациялар мен кәсіпкерлік өркендеп жатыр. Жұмысқа баруды жеңілдететін, балаларға IT негіздерін үйренуге көмектесетін, дәрігерлерге бас жарақатын диагностикалауға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын қолдауға арналған әртүрлі қосымша мен ойындар жұмысы туралы білу қызықты болды», – деп жазды Армида Салсия Алишахбана Twitter-дегі парақшасында.

Мәртебелі қонаққа ұсынылған стартаптар қатарында: ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналған Ozim Platform, ойындар арқылы IT-сауаттылықты арттыратын CodiPlay, балаларды қауіпсіз тасымалдау қызметі – UvU, жасанды интеллект көмегімен инсультті анықтайтын CerebraAI, Car Parking Multiplayer жобасымен танымал O’games және ай сайын 5 миллион пайдаланушысы бар мобильді ойындар көшбасшысы Grand Mobile болды.

Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі технопарк, оның қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ мамандарын дайындап, стартап жобаларды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда технопаркте 1500-ден астам IT-компания тіркелген, оның ішінде 400-ден астамы шетелдіктердің қатысуымен

Айта кетейік, 2024 жылдың 3-5 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтіп жатыр. БҰҰ АТМЭӘК пен ҚР ЦДИАӨМ бірлесіп ұйымдастырып жатқан іс-шараға 30-дан астам елден келген 400-ден астам делегат қатысуда.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін

🔥🔥🔥

Жауап беру