Astana Hub – ICPC World Finals 2024 ақпараттық серіктесі

2024 жылдың 15-20 қыркүйек аралығында Астанадағы EXPO Халықаралық көрме орталығында спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионаты – ICPC World Finals 2024 өтіп жатыр.


Биыл 59 000 қатысушы, 111 ел мен 3 000 университетті таныстырса, аймақтық және ұлттық іріктеуден сәтті өткен 142 команда финалға жолдама алды. Ақтық мәреде Қазақстан намысын Nazarbayev University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Astana IT University және Қазақ-Британ техникалық университетінің студенттері қорғайды.

Чемпионат бағдарламасында Huawei ұсынған ICPC Challenge, JetBrains пен бұған дейінгі әлем чемпиондары ұйымдастыратын blind-coding бойынша бірегей шеберлік-сабақтары, сондай-ақ басқа да қызықты іс-шаралар қамтылған. Жеңімпаздар 19 қыркүйекте бес сағатқа созылатын алгоритмдік есептерді шешу қорытындысы бойынша анықталады. Қатысушылар кодтау барысында шектеулі уақытта жұмыс істеп, қатеге мүмкіндігінше жол бермеуге, бұрыс қадамдар жасамауға тырысады.

Айта кетейік, Astana Hub ICPC World Finals 2024-тің ақпараттық серіктесі атанып, қазақстандық жастар мен IT-саласын қолдау үшін маңызды қадам жасап отыр. Технопарк өз жұмысын бастағаннан бері отандық стартаптар мен технологиялық жобалар экожүйесін дамытуға зор үлес қосып келеді. ICPC сияқты беделді әлемдік чемпионатпен серіктес болу Astana Hub-тың қазақстандық талантты жастарға қолдау көрсетіп, олардың халықаралық деңгейге шығып, әлемдік IT-қауымдастықпен байланыс орнатып, кәсіби әрі жеке дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға мүдделі екенін айшықтайды. 

Мұндай іс-шара Қазақстанның өңірдегі технологиялық инновациялар орталығы ретіндегі орнын нығайта түседі. Сонымен қатар инвестиция, білім және халықаралық ынтымақтастықты ынталандырып, ел экономикасы мен болашағына ұзақмерзімді пайда әкелуі мүмкін.

ICPC туралы 

The International Collegiate Programming Contest (ICPC) – 1970 жылдан бері өткізіліп келе жатқан студенттер арасындағы әлемдегі ең беделді командалық бағдарламалау олимпиадасы. Қатысушылардың басты мақсаты – шектеулі уақыта алгоритмдік есептерді код арқылы қателіксіз әрі дұрыс шешімдермен шығару. Әлемдік жетекші IT-компаниялар көп жағдайда ICPC финалистерін жұмысқа шақырады.

Пікірлер 5

Кіру пікір қалдыру үшін