Astana Hub IT-индустриядағы гендерлік теңдікті насихаттау үшін ЮНИСЕФ-пен серіктестігін нығайтуда

Astana Hub халықаралық технопаркі Швейцарияның Женева қаласында өткен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Game Changers Coalition іс-шарасына қатысты. Бұл бастама ойын индустриясы өкілдерін, инклюзия және теңдік саласындағы сарапшыларды, сондай-ақ ойын және цифрлық индустрияның болашағын өзгертуді көздейтін жас көшбасшы қыздарды біріктіреді.


Game Changers Coalition — ЮНИСЕФ-тің Skills4Girls бағдарламасына негізделген халықаралық платформа, ол 22 елде жұмыс істейді және 6 миллионға жуық қыздың цифрлық дағдыларды меңгеруіне көмектесті. Коалицияның негізгі мақсаты — жастардың, әсіресе қыздардың, ғылым, технология, инженерия, өнер және математика салаларында құзыреттерін дамыту, сондай-ақ оларды бағдарламашы, дизайнер және қауіпсіз әрі инклюзивті цифрлық болашақты қалыптастыратын көшбасшы ретінде дайындау үшін мансаптық мүмкіндіктер ашу.

Іс-шара аясында өткен «Жаһандық перспектива: мемлекеттің Game Changers Coalition бастамасын қолдаудағы рөлі және XXI ғасыр экономикасында қыздардың цифрлық дағдылары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты панельдік сессияда Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова Қазақстанда гендерлік теңдікті қолдау және қыздардың цифрлық дағдыларын дамыту бағытындағы Astana Hub тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде білім беру бағдарламаларына қолжетімділікті кеңейтудің, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның инклюзивті цифрлық ортаны қалыптастырудағы болашағы туралы сөз қозғады.

«Astana Hub Teenpreneurs, IT-Aiel және Tech Girls бағдарламаларын жүзеге асыруда. Олар цифрлық дағдылардағы гендерлік алшақтықты азайтып, Қазақстандағы балалар мен әйелдерге IT саласында табысты мансапқа қажетті дағдыларды игеруге көмектесуге бағытталған. Бүгінгі таңда Astana Hub-тың 177 қызметкерінің 55%-ы – әйелдер, ал технопаркте тіркелген 1 576 стартаптың шамамен 300-ін әйелдер басқарады. Инклюзивті технологиялық болашақты құруда қолдау көрсеткені үшін ЮНИСЕФ-ке алғысымызды білдіреміз. Бірлескен күш-жігерімізбен біз жастарға табысты мансапқа қажетті білім мен құралдарға қол жеткізуге көмектесеміз», – деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.

Іс-шараның негізгі спикерлерінің қатарында Roblox компаниясының Ұлыбритания және Таяу Шығыстағы қоғамдық саясат жөніндегі директоры Тим Скотт, Electronic Arts компаниясының жаһандық әлеуметтік бастамалар жетекшісі Джейми Варгас, Ubisoft компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы әртүрлілік және инклюзия мәселелері жөніндегі директоры Рафаэль Лало болды. Панельдік сессияның модераторы ретінде Women in Games ұйымының тең құрылтайшысы және бас директоры Мари-Клэр Айзааман қатысты.

Айта кетсек, Astana Hub ЮНИСЕФ және Қазақ-Британ техникалық университетінің GameLab зертханасымен бірлесіп, жастардың, әсіресе қыздардың, Қазақстан бойынша цифрлық дағдылары мен тең мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған Level Up бағдарламасын жүзеге асыруда. 2023 жылы қыздарды STEAM саласында қолдау мақсатында LEVEL UP онлайн-курсы іске қосылды. 2024 жылдың мамыр айынан бастап ЮНИСЕФ, Astana Hub және КБТУ GameLab 13 аймақтық IT-хаб резиденттеріне арналған ойын әзірлеу бойынша пилоттық оқу курсын сәтті өткізді. Қызылорда мен Қостанайда өткен алғашқы кезеңге бес жоба ұсынған 36 студент қатысты. Жақында екінші кезең басталып, оған 202 студент тіркелді, олар алдағы питч-сессияға 12 жоба дайындауда.

 

Astana Hub туралы
Орталық Азияның ең ірі инновациялық орталығына айналған Astana Hub технопаркінің қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ-мамандарын дайындап, стартап-жобаларды қолдауға бағытталған.  Бүгінгі таңда технопаркте 1500-тен астам IT-компания тіркелген, оның ішінде 400-ден астамы шетелдіктердің қатысуымен. Оларға бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламалары, арнайы салықтық және визалық, ақпараттық-білім беру, материалдық инфрақұрылым және тағы басқа қолдау көрсетіледі. 

ЮНИСЕФ туралы
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 190-нан астам елде балалардың құқықтарын қорғап, олардың қауіпсіздігін, денсаулығын және даму үшін тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Қазақстанда ЮНИСЕФ жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және болашақ мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған білім беру және цифрлық бастамаларды белсенді түрде қолдайды. Олар XXI ғасыр экономикасына қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін бағдарламаларға қолжетімділік береді.

Пікірлер 6

Кіру пікір қалдыру үшін