Astana Hub Қазақстанның жаһандық финтех саласындағы орнын Singapore FinTech Festival 2024 аясында бекемдейді

Astana Hub халықаралық технопаркі әлемдегі ең ірі қаржы технологиялары алаңдарының бірі — Singapore FinTech Festival-де Қазақстанды таныстырды. Бұл шара жыл сайын қаржы саласының болашағы мен жаңа технологияларын талқылау мақсатында мыңдаған көшбасшы мен маманды біріктіреді. Биыл фестивальге әлемнің 150-ден астам елінен 66 000-нан астам қатысушы жиналып, Astana Hub-қа жаһандық инвесторлармен, серіктестермен және технологиялық стартаптармен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.


Astana Hub Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші компанияларын біріктірген Орталық Азия павильонында ұсынылды. Олардың қатарында Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы, MOST Holding, Rocket Tech, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Бірінші Несие Бюросы және IT Park Uzbekistan болды. Astana Hub-тың стенді стартаптар мен IT-кәсіпкерлерге халықаралық деңгейде даму үшін ұсынатын мүмкіндіктерді, сондай-ақ Қазақстанның инновациялық экожүйесін құру және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бойынша бастамаларын көрсетті.  

«Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін тұрақты және ауқымды өсуге қолайлы бағыттардың бірі ретінде танылып келеді, — деді Astana Hub-тың халықаралық бағдарламалар және инвестициялар офисінің директоры Ескендір Әмірхан. — Фестиваль барысында біз Astana Hub резиденттеріне арналған бірегей артықшылықтарды таныстырдық. Олардың ішінде салықтық жеңілдіктер, масштабтау бойынша қолдау және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндіктері бар. Біздің бұл шараға қатысуымыз тек идея алмасумен шектелмейді, бұл Қазақстан мен Орталық Азияның финтех саласын түбегейлі өзгерте алатын ұзақ мерзімді серіктестіктер құруға бағытталған стратегиялық қадам».  

Фестиваль аясында реттеу мен тұрақты даму мәселелерінен бастап, таланттарды дайындауға арналған инновациялық тәсілдерге дейінгі маңызды тақырыптарды қамтыған панельдік сессиялар мен пікірталастар өтті. Astana Hub-тың бұл шараға қатысуы Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялық трендтердің орталығы ретіндегі стратегиялық рөлін және жаһандық қауымдастыққа белсенді интеграциялану бағытындағы күш-жігерін ерекше көрсетті.  

Пікірлер 4

Кіру пікір қалдыру үшін