Astana Hub жобаларының игілігі

Биылғы қарашада құрыл­ғанына 4 жыл толған Astana Hub халықаралық IT-стар­­таптар технопаркінің бас ­директоры Мағжан Мәдиевпен аз-кем әңгі­ме­­лескен едік.


– Мағжан Дінмұхамедұлы, технопарк аз ғана уақыттың ішін­де Орталық Азиядағы ІТ-стар­таптардың ең ірі экожүйесіне айналды. Әу баста көзделген негіз­гі мақсат орындалды деп айтуға бола ма?

– Рас, бүгінде Astana Hub-тың аты алыс-жақын шетелдерге таныла бастады. Бірақ біз мұны­мен тоқтап қалмақ емеспіз. Алдымыз­да үлкен міндеттер тұр. Естеріңіз­де болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ІТ-ин­дустрияның алдына нақты мін­деттер қойды. Соны орындауға атсалысуы­мыз керек. Яғни IT-қыз­меттер экспортының көлемін 500 млн долларға жеткізіп, 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау үшін барымызды саламыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін стартаптарды сыртқы нарыққа шығаруға арналған Scalerator бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұған қоса IT-мектептерді қаржыландыру бойынша Tech Orda бағдарламасы жұмыс істейді. Сонымен қатар Astana Hub-та капиталдандырылуы 1 млрд доллардан асатын отандық ірі компанияның пайда болуына күш салмақпыз.

– Технопаркке қызығушылық танытатын шетелдік компаниялар көп пе?

– Аз немесе көп деп нақты баға беруге әлі ерте. Десе де, бүгінде хабта 943 IT-компания тіркелген. Оның 181-і – шетелдіктердің қаты­суымен жұмыс істейтін компания. Технопарктегі айрықша танымал компаниялардың қатарында Cerebra, ApartX, Kids Security, Oquda, DarynOnline, Okoo, Super­moms Club, UvU Ridesharing, CTO­gram, iDos Games бар.

– Astana Hub қазақстандықтар күнделікті тұрмыста игілігін кө­ретіндей қандай жобаларды жү­зеге асырды? Санамалап бері­ңізші.

– Цифрландыру өмірдің бар­лық саласына бойлап еніп барады. Сондықтан халыққа пайдалы өнімдер ұсыну қашанда маңызды. Технопарк компанияларының қыз­меттерін күнделікті өмірде пайдаланатындар көп. Мәсе­лен, тұрғындар Damumed арқылы емханаға кезекке тұрады. Documentolog-те жұмыс істейді. Сол секілді Clockster жұмыс уақытын бақылау жүйесін пайдаланады. Бұл қатарды осылай жалғастыра беруге болады.

– Технопарк елдің экономикасына қанша­лықты үлес қосып жатыр?

– Біздегі компаниялардың төрт жылдағы жиынтық табысы 383 млрд теңгені құрады. Оның 123 млрд теңгесі – қазақстандық ІТ-тауарлар мен қызметтерді экспорттаудан түскен кіріс. Компаниялар экономикаға 172 млрд теңгеден астам инвестиция тартты. 12 мың­нан астам жұмыс орны ашылды. Осының өзі көп дүниеден хабардар етіп тұр деп ойлаймын.

– Astana Hub кәсіпкерлерге IT-бизнесті дамытудың барлық кезеңінде, яғни идеядан бастап, сыртқы нарыққа шығуға дейінгі аралықта қолдау көрсететінін білеміз. Осы үдеріс қалай жүреді?

– Иә, технопарк Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізеді әрі біз ірі IT-компаниялармен серік­тестік орнаттық. Бұл ретте Astana Hub қызметі төрт негізгі ба­ғытқа негізделген. Бірінші, дарын­ды жастарды ІТ-саласына тарту бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу. Екінші, білім беру бағ­дарламалары аясында оқыту. Үшін­ші, бизнес-бағдарламалар, са­лықтық жеңілдіктер, арнайы виза­лық режім, заманауи жұмыс орында­рымен қамтамасыз ету және бас­қа да іс-шаралар арқылы қолдау көрсету. Төртінші, сыртқы нарыққа шығуға немесе серіктестерімізбен – венчурлық қорлармен, IT-ком­па­ниялармен ынтымақтастық орна­туға көмектесу. Осылайша, кәсіп­керлерге IT-бизнесті дамытудың әр кезеңінде қолдау көрсетеміз.

– Осы күнге дейін қанша ІТ-маманның даярлануына үлес қостыңыздар?

– Astana Hub-тың ең маңызды міндеттерінің бірі – елімізде IT-кадрларды даярлау және олар­дың санын арттыру. Төрт жыл ішінде 15 мыңнан астам адам Startup School, No-code School, Freelance School, Beta Career, Tech Orda білім беру бағдарламалары бойынша оқып шықты. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай 100 мыңға дейін IT-маман даярлау туралы тапсырмасы бар. Әлбетте, мамандарды даярлаумен негізінен Жоғары білім және ғылым министрлігі айналысады. Бірақ біз салалық ұйым ретінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тапсырмасы бойынша IT саласындағы адами капиталды дамыту бойынша жеке бағдарламамыз Tech Orda-ны жүзеге асырып жатырмыз. 2025 жылға дейін 20 мың жоғары санатты ІТ-маман дайындауды жоспарлап отырмыз.

– Tech Orda бағдарламасы қалай жұмыс істейді?

– Tech Orda аясында қазіргі уақытта Қазақстан бойынша ірік­теуден өткен 50 жеке IT-мектепке әр студент үшін 600 мың теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Былтыр Astana Hub жеке қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырды. Биыл жыл соңына дейін 18 бен 45 жас аралығындағы 3 мың студент осы бағдарлама бойынша оқуға түседі. Демек жыл сайын бұл көрсеткіш өсе бермек.

Сонымен қатар Astana Hub ба­за­сында әлемге әйгілі француз мектебінің Ecole 42 қағидатына негізделген Alem бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда оқыту мұғалімдерсіз, ойын форматында жүргізіледі әрі тегін. Бұл мектеп 18-40 жас аралығындағы адамдар үшін қолжетімді. Alem бағдарламалау мектебі іске қо­сыл­ғаннан бері 7 рет қабылдау нау­қаны өтіп, 400-ден астам адам қа­былданып, соның ішінде 100-ден астамы жұмысқа орналасты. Астанадағы Alem мектебінің тәжі­рибесін Қазақстанның 17 моно­қаласында пайдалануды жос­парлап отырмыз. Бұл, бір жағы­нан, жастардың сұранысқа ие мамандықты игеріп, бәсекеге қабі­летті маман болуына жол ашса, екін­ші жағынан кадр тапшылығы мәселесін шешіп, өндірісті цифрландыруды жеделдетеді. Сондай-ақ аймақтардағы жастарды дамы­туға жол ашылып, нарықта жаңа ком­паниялардың пайда болуына қосымша мүмкіндіктер қалып­тастырады.

– Astana Hub биыл Google for Startups компаниясының серік­тесі атанды. Бұдан не күтесіздер?

– Өздеріңіз білетіндей, Astana Hub-та инновациялық кәсіпкер­лікті қолдаудың озық тәжірибеле­рі енгізіліп жатыр. Мәселен, Techpreneurs – швед үстелі негі­зінде қажетті қызметтерді таң­дау және жылдың кез келген уақы­тында қосылу мүмкіндігі бар инкубатор, Seed Money – revenue share қағидаты бойынша 20 млн теңгеге дейінгі стартаптарды қар­жыландыру; Scalerator – стар­таптарға Солтүстік Америка, Еуропа және ТМД нарықтарына IT-қыз­меттерін экспорттауға көмектесу қарастырылған. Сондай-ақ өзіңіз айтқандай, биыл Google for Startups компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі атандық.

Қазір Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан), Моңғолия және Әзербайжан елдерінің стартаптары үшін Silkway Accelerator бағдарламасын жүргізіп жатырмыз. Бағдарламаның алғашқы легі мәресіне жетіп, 13 стартап жоғары нәтиже көрсетті. Мысалы, стартаптардың бірі Түркия мен БАӘ нарығына кіріп, құны 35 млн доллардан 100 млн долларға дейін өсті. iDos жобасы 60 мың жаңа пайдаланушыны тартып, ай сайынғы кірісін 4 есеге арттырды. Қырғызстаннан келген NBFit стартапы өнімін АҚШ нарығына бейімдеп, АҚШ пен Еуропадан түсетін төлемдерді 20 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтты.

Silkway Accelerator бағдар­ламасының екінші легі 2 қыркүйек­те басталды, оқу Астанада офф­лайн режімде өтеді әрі үш айға со­зылады. Оның қатысушылары тәлім­герлікпен қатар, Astana Hub жа­нында тегін баспанаға, жұ­мыс ор­нына және Seed Money бағ­дар­ламасы бойынша 55 мың дол­ларға дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие.

Жалпы, Astana Hub мүшесі бола отырып, Қазақстанның кез кел­ген жерінде жұмыс істеп, техно­парктің артықшылықтары мен игілік­терін пайдалануға болады. IT-саласына таланттарды көбірек тарту үшін Astana Hub «Террикон алқабы», Abay IT-valley секілді аймақтық IT-хабтарға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Инкубация жүргізіп, ел бойынша аймақтық агенттердің, community-менеджерлерінің желісін кеңейтіп жатыр.

– Astana Hub технопаркі Plug and Play, Яндекс, MTС, Huawei Mobile Services, Google for Startups, inDriver, Europages секілді ірі IT-компаниялармен ынтымақтаса жұмыс істейтінін білеміз. Биыл бұл қатарға TikTok та қосылды.

– Иә, биыл жылдам дамып келе жатқан TikTok ойын-сауық және жаңалықтарға арналған платформамен серіктестік орнаттық. Бұл платформа арқылы миллиондаған аудиторияға стартаптарды жар­намалауға мүмкіндік бар. Есте­ріңізде болса, Digital Bridge 2022 ха­лықаралық IT-форумында Қазақ­станда IT-стартаптар үшін алғашқы ресми TikTok оффлайн платформасы таныстырылды. Форум аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық және қазір IT-өнімдерді танымал еткісі келетін стартаптар үшін бірлескен бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Барлығы 285 өтінім түсті, оның ішінде EduTech, FinTech, Utility&Services, Ecom&Retail tradeм бағытындағы 218 ең перспек­ти­валы үміткер бағдарламаға қа­тысу мүмкіндігіне ие болды. Қа­ты­сушылар арасында Glovo, Docu­mentolog, Mitwork, Aviata, Mechta, Atameken Business, i-teka.kz, Clockster секілді ірі компа­ниялар да бар. Бағдарлама барысында қатысушы­лар TikTok for Business командасынан тәлімгер­лік, бірегей контент, TikTok-тың барлық құрал­ын үйрену және тиімді нау­қандарды бас­тау мүмкіндігіне, сон­дай-ақ сарапшылардың тұрақ­ты чат қолдауына ие болады. Бағ­дарлама­ның соңында стартаптар өздерінің TikTok жыл­жыту стра­тегияларын ұсына алады. Үздік қа­тысу­шы­лар 10 мың доллар көле­мінде грантқа қол жеткізеді.

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

🎉🎉🎉🎉

Жауап беру