Чанпэн Чжао Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркіне келді

Бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Binance компаниясының негізін қалаушы және бас директорымен кездесті.


Binance – бұл халықаралық блокчейн-экожүйе және әлемдегі ірі криптовалюталық биржа. 2020 жылы «Bloomberg-50» рейтинг агенттігі Чанпэн Чжаоны ғаламдық бизнес-ландшафтты өзгерткен ықпалды адамдардың қатарына енгізді.

Бағдат Мусин шетелдік мейманды министрліктің жұмысымен таныстырып, жоба-жоспарлар мен «eGov.kz» платформасы жайлы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемлекет пен бизнестің коллаборациясы туралы айтты.

Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопарктің бас директоры Мағжан Мәдиев Чжао мырзаны технопаркпен таныстырып, отандық технологиялық жобалардың экожүйесі жөнінде айтып берді.

Криптовалюта индустриясының көшбасшысы Astana Hub базасындағы Blockchain орталығы мен Blockchair, iDosGames, ROQED Science, InDriver және Paxaro Labs стартаптарын тамашалады. Сондай-ақ олар alem бағдарламалау мектебін аралап, оқытушысыз білім алудың қыр-сырымен танысты.

Шетелдік қонақтар инновация саласындағы даму мен Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын атап өтті.

Тараптар Қазақстандағы цифрлық активтер нарығы мен осы бағыттағы білім жобаларын талқылап, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.   

Сондай-ақ, Чжао мырза цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Кездесу соңында Чанпэн Чжао мен Бағдат Мусин үстел теннисін  ойнады.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін