Еліміздің 10 өңірінде инновациялық IT-жобаларға қолдау көрсетілді
Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Startup Orda өңірлік IT-кәсіпкерлерді дамыту бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бағдарламаны қорытындылау мақсатында Demo Day жобалар байқауы ұйымдастырылып, жалпы жүлде қоры 5 миллион теңге көлемінде ақшалай грант берілді.
Екі айға созылған стартап-инкубатор Қазақстанның 10 қаласында - Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Орал, Павлодар, Тараз, Қызылорда, Петропавл, Талдықорған, Семейде өтті.
Startup Orda-ға қатысу үшін ел бойынша барлығы 7 мыңнан астам өтінім түсті. Оқу бағдарламасы кезеңінде 285 іс-шара ұйымдастырылып, оған өңірлер бойынша IT саласын дамытуға мүдделі 10 мыңға жуық адам қатысты.
Бағдарламаны қорытындылаған Demo Day аясында қалаларда жобалар жәрмеңкесі өтіп, қатысушы командалар қазылар алқасы алдында қысқаша "питч" форматында өз идеяларын таныстырған болатын.
Жобаның ақтық мәресіне 200 команда шығып, өз IT-идеяларын ұсынды. Соның ішінде қазақстандық нарық контекстіндегі идеяның жаңалығын; болашақта жобаның нәтижелілігін; идеяның импактісін, яғни өнімнің проблемаға оң әсерін; өнімнің ауқымдылығын, әрі инновациялылығын ұсынған 100 жоба үздік атанды.
Ақшалай сыйлықпен қатар жеңімпаздар елордалық технопарктің білім беру бағдарламаларына қол жеткізіп, стартаптар мен инновациялар саласында өз дамуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ең мықтыларын анықтау үшін құзыретті комиссияның құрамына жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, кәсіпкерлер, сондай-ақ Astana Hub сарапшылары шақырылды.
Жобалар арасында Ақтаудан QarapaiymEmdeu стартапын атап өтуге болады. Оның толық гуманоидты робот-терапевті SenimPlus - терапевт ағынын жеңілдету және науқастарды анықтау мақсатында жасалған жасанды интеллект пен механиканың жиынтығы. Температура, импульс, қанның оттегімен қанықтылығы, көздің шаршауын талдау арқылы, сондай-ақ пациенттің ауызша көрсеткіштері арқылы робот болжамды диагнозды, емдеуді және кейіннен медициналық анықтамаларды анықтай отырып, диагностика мен талдау жасай алатыны да бар.
Қауіпсіздік тақырыбын тараздық стартап – Qauipsiz қозғаған болатын. Бұл - ұялы телефонға сигнал беретін жоғары жиілікті антеннаны пайдалана отырып, газ буы немесе өрт кезінде қоңыраумен дереу ескертетін шағын сенсор-құрылғы. Сондай-ақ стартап құрылтайшылары
жұмыс барысында төтенше жағдайлар министрлігі, төтенше жағдайлар департаменті ұйымдарын, мемлекеттік нысандарды, қонақ үйлерді, құрылыс компаниялары мен тұрғын үйлерді негізгі тапсырыс берушілер ретінде көретіні сөзсіз.
Талдықорғандық белсенділер See The Future жобасымен көзі нашар көретін жандарға көмек көрсете бастады. Жас жігіттердің дайын өнімі экожүйелік құрылғы, яғни - нейрондық желі, Lidar (Real Sense) сенсоры бар камера және құлаққаптар мен мобильді қосымшадан тұрады. Құрылғыны пайдаланушы белгісіз ортада шарлау мүмкіндігіне ие болып, бұл өзарада күнделікті шектеулікке толы өмірде қолайсыздықты жоятыны сөзсіз.
Қызықты стартаптар тізімін – Jolga мобильді қосымшасы жалғастырады. Бұл инновциялық шешім AR технологиясына, 360 градустық фотосуреттерге, сонымен қатар, Қазақстанның туристік аймақтарын оңай зерттеуге арналған табиғи орындар туралы толық ақпаратты бере алатын 3D карталарына негізделген.
Сонымен қатар, ақпарат сізге жеткіліксіз болып көрінсе, жергілікті гидпен оңай байланысып, белгілі бір локацияның орналасқан жері туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді біле аласыз. Аймақтың толық бейнесін қалыптастыра отырып, мобилді қосымша сіз баруды жоспарлап отырған жердін болмысы мен ахуалын сездіреді. Бұл жоба Қазақстандағы туризмді дамытуға және ілгерілетуге бағытталған.
"Бірнеше жылдан кейін көптеген қызмет салалары, сондай-ақ туризм IT технологиясыз өмір сүре алмайды. Біз пайдалануға оңай мобильді қосымшаны ұсынамыз, сондай-ақ онлайн тәжірибені барлығына қолжетімді етеміз", - деп қорытындылады Jolga мобильді қосымшасын ұсынған павлодарлық Асылхан Сәрсенбаев пен Ахметжан Қаумұхамед.
Жалпы, екі айлық оқыту барысында бағдарламаға қатысушылар бизнес-идеяны қалыптастыру, нарықты талдау, мақсатты аудиторияны зерттеу, бизнес-модель құру және идеяны монетизациялау тәсілін таңдау бойынша қажетті білім мен дағдыларға ие болды. Сондай-ақ өз жобаларының тұсаукесерлері мен питчингтерін дайындап, маркетинг, зияткерлік меншікті қорғау және стартаптарды мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қосымша кеңестер де түйген болатын.
Жоғарыда айтылған өңірлерде бағдарламаға қатысуға тіркелу тегін екені, әрі нәтижесінде IT саласында стартап-жобасын бастаған барлық мүдделі тұлғалар инвесторларға идеяларын немесе дайын өнімін ұсына алатыны алдын-ала айтылған болатын.
Еске сала кетейік, Startup Orda - жаһандық трендтер негізінде құрылып, бүкіл әлемде IT-технологияларды дамытудың маңыздылығын ескере отырып ұйымдастырылған бағдарлама.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін