Әлемнің ең үздік IT-стартаптары үшін Astana Hub-тан 20 миллион теңгеге дейін қаржыландыру алу мүмкіндігі

Бәсекеге қабілеті IT-өнім жасайтын ТМД және бүкіл әлемдегі стартаптар үшін Astana Hub халықаралық технопаркінен $47.000 немесе 20 миллион теңгеге дейін қаржыландыру алу мүмкіндігі пайда болды.


Seed Money технологиялық стартаптарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама аясында Astana Hub алғаш рет IT-стартаптарды қаржыландыру бағдарламасын іске қосады. Қаражат алу үшін конкурстық іріктеуден өтіп, Astana Hub қатысушысы атану қажет. Оған қоса, шетелдік жобалар бағдарламаға қатысу кезінде Қазақстан астанасына қоныс аударуы қажет болады.

Seed Money бағдарламасының аясында қаржыландырудан бөлек, IT-стартаптар акселерация қатысушылары ретінде қаржылық емес қолдау құралдарына ие болады. Осылайша, қаржыландыру үміткерлері тегін жұмыс кеңістігі, оқыту мен тәлімгерлік, 500 IT-компаниядан тұратын қауымдастық пен инвесторларға қол жеткізу, салықтық және визалық жеңілдіктер, PR-қолдау құралдарын қолдана алады.

 

Techpreneurs — бұл акселератордың жетілдірілген нұсқасы — Astana Hub-тың флагмандық бағдарламаларының бірі, барлық сатылардағы IT-стартаптарға қызметтерді бір-бірінен бөлек, жаңартылған "швед үстелі" форматында таңдау мүмкіндігі бар үздіксіз қолдау көрсететін бағдарлама. Seed Money бағдарламасының үздік үміткерлері үшін бұл акселератордың барлық мүмкіндіктері қолжетімді болады, атап айтқанда: трекинг, білім беру воркшоптары, жеке консультациялар, Astana Hub Invest Day іс-шарасына қатысу және басқа технологиялық кәсіпкерлермен тұрақты нетворкинг. 

 

Astana Hub-тан қаржыландыру алу үшін іріктеудің 6 кезеңінен өту қажет: өтінім беру және оны талқылау, өтінімді зерделеу, презентацияға жобаларды іріктеу, таныстырылымның өзі, комиссияның шешімі және соңында үздік үміткерлермен шарт жасасу.

Тәуелсіз сарапшылар — бір кездері технологиялық стартаптан индустрия алпауытына дейінгі жолдан өткен IT-нарығының негізгі өкілдері қатарындағы комиссия MVP, product/market fit, scale сияқты әртүрлі сатылардағы 35 үздік жобаны іріктейді. 

IT саласында жаңа өнімдерді әзірлеумен айналысатын және қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін кез келген технологиялық және инновациялық жоба қаржыландыруға үміткер бола алады. Кем дегенде, бағдарламаға қатысу үшін минималды өміршең өнім сатысы (MVP), алғашқы сатылымдары мен пайдаланушылары болуы керек.

 

IT-стартап сатысына байланысты үміткерлер келесі критерийлерге сай болуы тиіс:

  • Дамудың бастапқы сатысындағы стартаптар — MVP — прототипі бар, 3 адамнан тұратын команда, сондай-ақ алғашқы пайдаланушылар базасы және сатылымдары бар жоба 5 млн теңгеге дейін қаржы ала алады;
  • Орташа сатыдағы стартаптар — Product/Market Fit — 7 адамнан тұратын команда, клиенттер/пайдаланушылар базасы және тұрақты сатылымдары бар жоба 10 млн теңгеге дейін қаржыландыруды талап ете алады;
  • Дамыған стартаптар — Scale unit-экономикасы оң, қаржылық есептеулері және маркетингтік жоспары бар стартаптар 20 млн теңгеге дейін тарта алады.

Astana Hub басшылығы атап өткендей, Seed Money бағдарламасы IT-қызметтер экспортының дамуына, тәжірибе алмасуға және үздік тәжірибелерді енгізуге, нәтижесінде жергілікті кадрларды дамытуға оң әсерін тигізеді.

"Қаржыландыру revenue share (пайданы бөлу) моделі бойынша жүзеге асырылады. 3 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы бір тоқсан ішінде алынған табыстың 1% мөлшерінде соманы төлейтін болады. Бұл бізге стартаптың экожүйемізде қалатынына және экожүйенің одан әрі дамуына ықпал ететініне кепілдік береді" — Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Өтінімдерді қабылдау 2 тамызда басталады, ал аяқталу мерзімі стартаптың даму сатысына байланысты белгіленеді:  

  • MVP — 18 Қыркүйек 2021;
  • Product/Market Fit — 4 қыркүйек 2021;
  • Scale — 4 қыркүйек 2021. 

Seed Money бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау — Astana Hub-тың алғашқы тәжірибесі, алдағы жоспарларда — жыл сайын қатысушылардың санын, қаржыландыру сомасын және пайда үлесін арттыра отырып, IT-стартаптарды қаржыландыруды тұрақты негізде енгізу. 

Толығырақ — сілтеме бойынша.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін