ЦДИАӨМ Astana Hub-пен бірлесіп қазақ тілін дамытуға бағытталған IT-стартаптар арасындағы байқау өткізді
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп Qaz Startup Battle қазақ тілін және қазақ тіліндегі контентті дамытуға бағытталған IT-стартаптар арасындағы байқауды өткізді. Аталмыш байқау Нұр-Сұлтанда QAZFORUM қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумының шеңберінде өткізілді. Жеңімпаздар 3 500 000 теңгеге ие болды.
Qaz Startup Battle байқауына 13 жас IT-компания қатысып, Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастаған беделді әділ қазылар алқасына өз IT-шешімдерін ұсынды.
Ұсынылған қызметтердің арасында қазақ тілін үйрететін онлайн-курстар, бизнеске арналған тілдік технологиялар сервисі, қазақ тіліндегі аудиокітаптар, қазақ тілі мұғалімдері мен түлектерін үйрететін сервистер. Батл қатысушылары өз IT-өнімін дамытуға жұмсалатын 2 000 000 теңге (1 орын), 1 000 000 теңге (2 орын) және 500 000 теңге (3 орын) сома ақшалай чектері үшін жарысты.
«Бізге қазақ тілі технологиялардың тілі емес деген стеретипті бұзу керек. Өткен аптада Digital Bridge форумының шеңберінде біз қазақстандық стартаптар арасында Astana Hub Battle өткіздік, ал бүгін қазақ тілін және қазақ тіліндегі контентті дамытуға бағытталған IT-стартаптарды марапаттадық. Осындай бастамаларды қолдаудың маңызы өте зор», – деді Бағдат Мусин.
Технологиялық стартаптар шайқасының жеңімпаздары:
1 орынға ие болған – Qlang – қазақ және басқа тілдерді меңгеруге арналған маркетплейс әрі онлайн-платформа.
2 орынды иеленген – Joo.kz - ҰБТ баллдарын сараптап, түлекке өз оқуын жалғастыруға ЖОО ұсынатын сервис.
3 орынға ие болған – On Moms - Қазақстанның барлық облыстарындағы жүкті әйел адамдарға арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымшасы.
«Ұлттық Аударма бюросы» қоғамдық қорының 500 000 теңге ақшалай чек түріндегі арнайы сыйлықтарына TED Project мансапты жоспарлау веб-платформасы мен Speech Lab бизнеске арналған тілдік технологиялар сервисі ие болды.
«Біздің технопарк үшінші жылынан қатар Astana Hub Battle технологиялық стартаптар арасында жүргізілетін байқауды ұйымдастыруда. Бұл іс-шара көпшілік қауымына өз IT-өнімдерін ұсынуға ниет білдірген жас дарындардың басын үнемі біріктіреді. Осы жылы бұл байқау Qaz Startup Battle түрінде өзінің тақырыбын жалғастырды. Бүгін Astana Hub экожүйесінде қазақша контентті дамытуға бағытталған ықыласқа лайықты технологиялық шешімдердің бірқатары бар екеніне көз жеткіздік», - деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін