PROFCITY: Оқушылар хакатонда инновациялық шешімдерін ұсынды
«Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі аясында Astana Hub-тың ұйымдастыруымен PROFCITY хакатоны өтті. Қазақстандық жоғары сынып оқушыларынан құралған алты команда өздерінің инновациялық жобаларын әзірлеп, шығармашылық көзқарасы мен техникалық дағдыларын көрсетті.

Хакатон мақсаты – оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытып, оларды технологиялық шешімдерге қызықтыру. Қатысушылар арасында Powerpuff Girls, Kazaton, Apollo, Skillset of Dragon, Moon Bros және Chichmecus командалары болды. Олар заманауи технологияларды қолдана отырып, интерактивті өнімдер, симуляторлар мен мобильді қосымшалар жасады.
Қатысушылар ұсынған жобалар кәсіби бағдар мен өндіріс үдерістерін автоматтандыру секілді әртүрлі бағыттарды қамтыды. Мәселен, Skillset of Dragon командасы WORKY.kz платформасын әзірледі, ол әртүрлі мамандықтарды сынап көруге мүмкіндік береді. Moon Bros жасаған Jinaq сайты – портфолио сақтауға және тағылымдама табуға арналған. Powerpuff Girls тау-кен шахталарын 3D сканерлеудің автоматтандырылған жүйесін әзірледі, бұл деректерді жылдам талдауға және ықтимал қауіптерді анықтауға көмектеседі. Chichmecus командасы ArchiLine интерактивті көмекшісін жасады, ол сәулет саласына қызығатын, бірақ тәжірибесі жоқ адамдарға арналған. Apollo командасы нейрожелі негізінде тапсырмалар қалыптастырып, олардың орындалу нәтижесіне қарай пайдаланушыларға рейтинг беретін платформаны ұсынды.
Хакатон қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларынан құралған Kazaton командасы жеңіске жетті. Олар науқастардың нақты жағдайларын модельдейтін чат-бот әзірлеп, қазылар алқасы тарапынан идеяның ерекшелігі, практикалық маңызы мен сапалы орындалғаны үшін жоғары бағаға ие болды.
Барлық команда қатысушы сертификаттарын алса, жеңімпаздар – үздік IT-шешім сертификатына және Astana Hub пен Skillbox білім беру платформаларында білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Еске салсақ, 11-15 ақпан аралығында Астанадағы EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.
Пікірлер 5
Кіру пікір қалдыру үшін
Ilias Zholaman · Ақп. 19, 2025 12:43
👍👍
Борис Стуков · Ақп. 18, 2025 16:12
молодцы. так держать
Arman Zhalgasbayev · Ақп. 18, 2025 11:37
SKILLSET 🏆🏆🏆
Assel Alimbet · Ақп. 18, 2025 09:36
ваау
Edgar Kovoki · Ақп. 18, 2025 00:33
🔥