Салтанат Маширова: Қазақстандықтардың киберқауіпсіздік саласындағы дәрежесін халықаралық деңгейде жетілдірсем деймін
Advanced Cyber Security Architect, Honeywell компаниясының киберқауіпсіздік бойынша инженері, CISSP | GICSP | CISM | CISA
IT саласындағы тәжірибесі: 16 жыл
Background: IT саласына қалай келдіңіз
11 сыныпты бітірген соң ҰБТ-дан жоғары балл жинадым, ол кезде ең өзекті әрі қызықты мамандық телекоммуникация болды. Осылайша ҚазҰТУ грантына радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығына түстім. Оқуды үздік бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс істеу барысында, мен IT саласына көбірек қызығатынымды түсіндім. Мен бұл салада білімнің жетіспеушілігін сезінгендіктен «Болашақ» бағдарламасымен Калифорния Университетінің магистратурасына түстім. Оқуды бітіргеннен кейін мен IT саласында жұмыс істеуді жалғастырдым.
Мен компанияда IT-менеджер болып жұмыс істегенімде, компанияда ақпараттық қауіпсіздік қызметі болған жоқ. Сондықтан мен ақпараттық қауіпсіздік, ішкі саясаттар мен процедураларды жаңарту, ИТ архитектурасының қауіпсіздік талаптарына сай болуын қамтамасыз ету және т.б. сияқты қауіпсіздікке қатысты тапсырмаларды орындауым керек болды. Ол кезде мен күніне кемінде 12 сағат жұмыс істейтінмін, себебі мен IT және ақпараттық қауіпсіздік арасындағы нақты шекараны анық білмедім. Содан кейін Директорлар кеңесі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін адамды тағайындау туралы шешім қабылдады. Қауіпсіздікке байланысты жұмыстардың көбін атқаратынымды білетін бас директор, директорлар кеңесінен мені ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жұмысшы рөліне тағайындауды ұсындыі. Сол кезден бастап менің киберқауіпсіздік сапарым басталды.
Сіз қандай жетістікті мақтан тұтасыз?
Маған ментор болу ұнайды. Бір жетістігім, менің көптеген ментилерім жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын, мысалы, ауылдан келген бір оқушы үздік университетке грантқа қаржылық қолдаусыз түсті, басқа ментилер де карьера бойынша өсті, халықаралық сертификаттарға ие болды, сонымен қатар киберқауіпсіздік саласындағы білімдерін жетілдірді. Менің басқа жетістіктерім, әрине, менің CISSP, CISM, CISA, GICSP, TOGAF және т.б. сияқты халықаралық ақпараттық қауіпсіздік сертификаттарым. Қазақстандағы өз мамандығым бойынша көптеген әріптестерім менің сертификаттарымды және жетістіктерімді көріп, мен көптеген адамдарға, әйелдерге де, ерлерге де олардың мақсаттарына жетуге ынталандырушы ретінде және мотиватор ретінде болатынымды жазды. Сонымен қатар, мен бүкіл әлем бойынша киберқауіпсіздік индустриясының әртүрлі конференцияларында спикер ретінде қатысамын: Siberx (Канада) консультативтік кеңесінің мүшесі, 1-ші жаһандық киберқауіпсіздік обсерваториясының мүшесі (дүние жүзі бойынша), ISACA Nur-Sultan Чаптерінің Президенті, IQanat ментор, CISSP ментор (АҚШ), IFSEC Global 2022 судьяларының мүшесі – IFSEC Global – Security & fire safety news ( Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Оскар деп айтсам болады), 2022 киберқауіпсіздік бойынша жаһандық ментор (GMFC) бағдарламасының менторы, Астана IT университетінде диплом жобасын жүргіземін, Қазақстанда Women in Cyber KZ деген қоғамдастығын құрдым, сол қоғамдастықтың дәрежесін халықаралық деңгейде жетілдірсем деймін. Сондай-ақ әртүрлі семинарлардың тренерімін.
Қазақстандағы IT саласын қалай бағалайсыз?
Соңғы жылдары Қазақстанда цифрландырудың әртүрлі бағдарламаларының арқасында ІТ секторы қарқынды дами бастады. Бірақ көптеген адамдар IT саласының дамуымен киберқауіпсіздікті дамыту қажеттігін ұмытады. Қазақстандағы киберқауіпсіздік саласы әлі ерте сатыда. Осы жерде мен бұл саладағы ең маңыздысы – білікті кадрлар, яғни адами капитал екендігін атап өткім келеді.
IT саласындағы қыздар туралы
Қазіргі кезде IT саласында әйел адамдар өте көп, бірақ ақпарат және киберқауіпсіздік саласында олардың саны аз. Осы саладағы қыздарды жинай бастағанда 66 қызды ғана жинадым деп айта аламын. Дүние жүзінде киберқауіпсіздікте тек 24% әйел адамдар, мен жасайтын сала OT Cyber Security тек қана 10% әйел адам.
Дискриминация туралы
Мен өз саламда ешқашан дискриминация көрген емеспін. Бірақ мен мұнда әйелдердің жолы қиынырақ екенін қосар едім. Мен екі баланың анасымын және өз тәжірибемнен айта аламын, отбасы мен жұмыс арасындағы баланс өте қиын. Ол негізінен елдің, ұлттың мәдени ерекшеліктеріне байланысты, біздің мәдениетімізде әйел үшін басты құндылық – бала, күйеу және үй шаруасы. Яғни, әйелдер үшін карьералық өсуді шектеу ішкі психологиялық тосқауылға айналуы мүмкін, ол ең алдымен отбасы мен бала-шағаның қамын ойлайтын ошақтың сақтаушысы болуы керек, әрине, бұл маған әсер етті. Бірақ нық сеніммен айта аламын, егер мақсат пен мотивация болса, сіз әйел, ана, жар болып қала отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізе аласыз.
Жоспарлар туралы
Қазақстандағы білікті киберқауіпсіздік қызметкерлерінің деңгейін халықаралық дәрежеде көтеру, осы салада көбірек тегін кездесулер, семинарлар, вебинарлар ұйымдастыру. Мұнымен тоқтап қалмай, кәсіби деңгейімді арттыру.
Жұмыстың ең қиын жағы
Киберқауіпсіздік саласы үнемі өзгеріп, дамып отырады. Бұл жаңа тенденцияларға, әртүрлі технологиялар мен трендтерге ілесу үшін тұрақты даму болып табылады.
Технология өте жылдам дамып жатыр, сонымен қатар қауіптер де дамиды. Хакерлер ақылды, әрдайым бір қадам алда жүреді. Сол үшін білімді жаңартып отыру және үнемі қауіп-қатердің алдын алу қиындау болып келеді.
Жұмыстың ең жағымды жағы
Әрдайым жаңа нәрселерді үйрену. Маған үнемі зерттеу және оқу үдерісі ұнайды. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік - бұл ақылды және зиялы адамдарға толы сала және Киберқауіпсіздікте өте күрделі және қиын мәселелер бар. Соларды шешу маған ұнайды.
Жастарға беретін кеңес
Дербес білім алуды және жаңа білім іздеуді тоқтатпаңыздар.
Ең үлкен арманыңыз қандай?
Қазақстан азаматтырының киберқауіпсіздік саласындағы дәрежесін халықаралық деңгейде жетілдірсем деймін.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін