Astana Hub қатысушыларының арасында майнинг компаниялары болған емес

Astana Hub технопарк қатысушыларының арасында криптовалютаны өндіру саласында жұмыс істейтін компаниялар бар екендігі туралы БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Astana Hub қатысушыларының арасында цифрлық майнерлер болған жоқ.


Кейбір қатысушы-компаниялар үшінші тұлғаларға, соның ішінде цифрлық майнерлерге есептеу инфоқұрылымдарын ұсынуы мүмкін және бұл 2022 жылғы 10 мамырға дейінгі ережеге қайшы емес еді.

«Бұл орайда үшінші тұлғаларға, соның ішінде цифрлық майнерлерге есептеу инфрақұрылымы қызметтерін ұсынатын компаниялар туралы айтылғандығын түсіну қажет. Бірақ олар цифрлық майнер емес және криптовалюта өндірмеді. Сондықтан Astana Hub майнерлер үшін оффшор емес», – дейді халықаралық технопарктің басқарушы директоры Бақытжан Ешмұхамбетов.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің № 37/НҚ бұйрығымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі және өз өндірісінің өлшемшарттары шеңберінде қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар Astana Hub халықаралық технопаркінің қатысушысы бола алады.

2022 жылғы 19 сәуірде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің № 130/НҚ бұйрығымен Astana Hub қатысушыларына цифрлық майнингпен айналысатын тұлғаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге шектеу қоятын түзетулер жасалды. Бұйрық 2022 жылғы 10 мамырда күшіне енді.

Осылайша, қазіргі уақытта қызметтің басым түрлерінің тізбесіне технопарк қатысушыларына цифрлық майнинг саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды есептеуіш инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және тиісті салық жеңілдіктерін пайдалануға тыйым салатын қосымша критерий белгіленді.

Осы өзгерістер күшіне енгеннен кейін есептеу операцияларын орындау және деректерді дербес өңдеу үшін үшінші тұлғаларға есептеуіш инфрақұрылымын беретін 22 компания Astana Hub мүшелігінен өз бетінше шықты. Сонымен қатар технопарк басқа да қатысушыларды тексеріп, нәтижесінде есептеу операцияларын орындау үшін үшінші тұлғаларға, соның ішінде майнерлерге есептеу инфрақұрылымын беретін 10 компания анықталып, қатысушылар тізімінен шығарылды.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін