4,8 трлн долларлық ЖИ нарығында Қазақстанның өз орны болады – BAQ.KZ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы 2033 жылға қарай AI нарығы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін деп болжам жасады. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығына қалай әсер ететінін Astana HUB бас директорының кеңесшісі, IT-сарапшы Данабек Қалиаждаров түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 триллион долларға жетуі – технологиялық даму тарихындағы ең ауқымды серпілістердің бірі болмақ. Бұл үрдістен Қазастан Республикасы да шет қалмауға тиіс. Біз әлемдік нарықтың бір бөлігі болғандықтан, жасанды интеллект саласындағы кез келген жаһандық жаңалық елімізге тікелей әсер етеді. Astana Hub экожүйесі осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін қазірдің өзінде аймақтық хаб рөлін атқаруға ұмтылып отыр. Бүгінде біздің стартаптарымыздың ішінде медицина саласындағы Arlan Biotech немесе контент генерациясы бағытындағы Higgsfield AI секілді жобалар халықаралық деңгейде танылып келеді. Мұндай жобаларға инвестиция тарту, технологияны жергілікті нарыққа бейімдеу және экспортқа шығару – Қазақстанның әлемдік ЖИ нарығында өз орнын алуына мүмкіндік береді" - деп атап өтті ІТ-сарапшы.
Айтуынша, Қазақстан ЖИ-дің пайдасын көретін елдер қатарына қосылуға тиіс.
Жапония мен Корея XX ғасырдың технологиялық инновацияларында өз орнын тапса, біз де осы мүмкіндіктер терезесін барынша пайдалануымыз керек.
"Ал ЖИ-дің ғаламдық өрлеуі ең алдымен экономиканың әртүрлі саласында еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруға жол ашады. Бұл – тек IT секторына ғана емес, медицина, білім беру, логистика, энергетика және өндіріс сияқты нақты секторларға да тікелей әсер ететін процесс. Мәселен, ауыл шаруашылығында деректерді талдау арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыруға болады, ал медицинада ерте диагностика жүйелері халық денсаулығын жақсартуға көмектеседі. Astana Hub-та құрылған инновациялық орта стартаптар мен кәсіпкерлерге өз идеяларын прототиптен нарыққа дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деді Данабек Қалиаждаров.
Сонымен қатар сарапшы қазақстандық оқушылардың IOAI 2025 Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеткен рекордтық жетістігіне тоқталды.
"Қазақстандық оқушылардың IOAI 2025 Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеткен рекордтық жетістігі – еліміздің адами капиталы бұл мүмкіндіктерді игеруге дайын екенін көрсетеді. Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларына арналған Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл дода оқушылардың жасанды интеллект мен техникалық білім саласындағы дайындық деңгейін көрсетті. Қазақстан құрамасының бұлжетістігі IT-білім берудің жоғары деңгейін және оқушылардың озық технологияларға деген қызығушылығын дәлелдейді. IOAI 2025 олимпиадасындағы жеңіс – бұл тәлімгерлердің жүйелі еңбегінің, білім беру бастамаларынқолдаудың және жасанды интеллекттің болашағын бүгінненбастап қалыптастыруға дайын жас мамандар қатарын арттырудың нәтижесі болып отыр", - деді Astana HUB бас директорының кеңесшісі.
Толығырақ BAQ.KZ сайтында.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Бехрузбек Тохтамишов · Там. 14, 2025 11:24
🔥🔥