Ақтөбеде әлеуметтік көшбасшы болуға ұмтылған оқушылар халықаралық жобаның іріктеу кезеңіне қатысты

14 қазан Aqtobe IT Hub-та Beginit Central Asia by inDrive халықаралық білім беру жобасының іріктеу кезеңі өтті. Бұл іс-шара аясында 10-сынып оқушылары өз дағдыларын көрсетіп, Алматыда ашылатын жаңа университетке грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.


Beginit жобасы Қазақстан өңірлеріндегі дарынды балаларды қолдауға бағытталып, оларға сапалы білім беруді көздейді. Бұл маусымда бағдарлама еліміздің 10 облысын қамтып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, көшбасшы қабілеттерін дамытуға және идеяларды нақты жобаларға айналдыруға ықпал етеді.

Іс-шараға Ақтөбе облысының оқушылары, олардың ата-аналары мен мұғалімдері, сондай-ақ Aqtobe Hub-тың өңірлік менеджері Серік Сүндетов пен Beginit Central Asia by inDrive жобасының координаторы Самат Саяқов қатысты.

«Бүгінгі іс-шараға аймақтың 100-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша жеткіншектердің 60%-ы келесі кезеңге өтеді. Мұнда әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бойынша тәлімгерлермен жұмыс істеп, үздіктер келесі жылы Алматыда ашылатын университет грантына ие болады», — деді Самат Саяков.

Оқушылар көшбасшылық әлеуетті анықтауға бағытталған тапсырмаларды орындап, әлеуметтік жобаларға арқау болатын идеяларын талқылап, өздерінің өзекті мәселелерді шешудегі көзқарастарымен бөлісті. Ал келесі кезеңге сүрінбей өткендер дағдыларын дамытып, бағалы сыйлықтарға ие бола алады.

Айта кетейік, жобаны inDrive компаниясы Astana Hub халықаралық технопаркімен және iQanat қорымен бірлесіп іске асырып жатыр.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін