Astana Hub-та мемлекеттік органдар мен сәулет құрылысы салаларының цифрлануы талқыланбақ
Цифрлы технология жетістіктері адамзаттың күнделікті өмір салтын, тіршілігін өзгертуге үлкен ықпал етуде. Бүгінде біз қолданыстағы жаңа өнімдер мен қызмет түрлерінен бөлек күнделікті өмірімізді цифрлы технологияларсыз елестете де алмайтын болдық. Мәселен, жұмыс іздеуде немесе бос уақытымызды ұйымдастыруға, жылдық жоспарлауға және оларды жүзеге асыруда, дүкендерден тауарлар сатып алу барысына да цифрландырудың әсері үлкен. Сол секілді бүгінде мемлекеттік органдарды да цифрландыру экономика дамуының негізгі трендтерінің бірі болып отыр. Осы себепті Нұр-Сұлтанда мемлекеттік сектордағы цифрлық құзыреттілікті, біліктілікті арттыру мақсатында «Pro Analytics Conf: GovTech’22» конференциясы өтпек.
Конференция қатысушылары мен спикерлері сәулет құрылысы саласы бойынша цифрлық құзыреттілікті дамытудың және мемлекеттік сектордағы жүйелік тәсіл мәселелерін талдайтын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік органда ақпараттық технология, бизнесті талдау, IT-сәулет-құрылыс саласы, менеджмент және жобаларды басқару салалары мамандарын оқыту-даярлау мәселелері де талданады.
Бұдан басқа конференция бағдарламасында теориялық және тәжірибелік тренингтер өтеді деп жоспарлануда. Спикерлер теориялық бөлімде берілген тақырыптар бойынша өз зерттеулерімен таныстырса, тәжірибелік бөлім жұмысы IT-сектордағы сәулет құрылысы саласы мамандары мен конференция қатысушылары арасында тәжірибе алмасу үшін воркшоп түрінде өтеді деп жоспарланып отыр.
Конференцияға қатысушы спикерлер қатарында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандары, «Зерде» ҰИХ» АҚ,, «Атамекен» ҰКП», IIBA Kazakhstan Chapter, KPMG өкілдері мен технология мен коммуникация саласының бірқатар сарапшылары бар.
Шараны «Кәсіби Бағдарламашылар Лигасы» ҚБ (LPP), «Халықаралық бизнесті талдау институтының» қазақстандық бөлімшесі (IIBA KZ) және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-пен біріге отырып ұйымдастырып, Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркі базасында өткізбек.
Конференцияға тіркелу және толық ақпарат – proanalytics.kz сайтында.
Сондай-ақ іс-шараға Youtube және Facebook әлеуметтік желілеріндегі «ProAnalytics Conf»-тың ресми арналары арқылы онлайн түрде қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Шараға сілтемені конференцияға қатысуға тіркелгеннен кейін алуға болады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін