Қазақстанда ЖИ технологияда аймақтық көшбасшы болуға мүмкіндік мол – BAQ.KZ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажеттігін айтты. Бұл экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізері анық. Astana HUB бас директорының кеңесшісі, IT-сарапшы Ілияс Мақашев ол үшін нақты қандай істер қолға алынуы қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Президент атап өткен тапсырма – еліміздің технологиялық трансформациясының негізін қалаушы фактор.
Бұл бағытта үш негізгі қадам қажет деп санаймын. Кадрларды даярлау: Жоғары оқу орындары мен мектептерде ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын оқыту бағдарламаларын кеңейту. Мейлі ол медицина, педагогика немесе инженерия болсын – әр сала маманы ЖИ құралдарын қолдана білуі керек. Инфрақұрылымды дамыту: Astana Hub тәжірибесін пайдалана отырып, ЖИ зерттеу орталықтарын, деректерді өңдеу хабтарын және бұлтты есептеу платформаларын құру. Салааралық интеграция: ЖИ шешімдерін өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп және көлік секторы сияқты нақты салаларға енгізу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін іске қосу, - деп түсіндірді ІТ-сарапшы.
Сонымен қатар маман аталған шаралар еңбек өнімділігін арттырады деп отыр.
Бұл шаралар тек еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, Қазақстанды Орталық Азиядағы ЖИ технологияларының көшбасшысы етуге мүмкіндік береді. Инновация – елдің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі, ал Astana Hub осы процестің катализаторы болып қала береді, - дейді Ілияс Мақашев.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Толығырақ BAQ.KZ сайтында.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Бехрузбек Тохтамишов · Там. 14, 2025 11:24
🔥🔥