Қазақстанның жетекші АТ-институттары платформалық шешімдерді дамыту үшін күш біріктірді

BTS Digital компаниясы, «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі» корпоративтік қоры және «Астана» Халықаралық орталығының (АХҚО) Tech Hub Қазақстанда цифрлық платформалық шешімдерді дамыту бойынша консорциум құру ниеті туралы келісімге қол қойды. Тараптар экономика салаларын цифрландыру және бірлескен цифрлық платформаларды құру үшін өз құзыреттері мен ресурстарын біріктіруді жоспарлап отыр.


Платформалық тәсіл дегеніміз – бірыңғай онлайн-ресурстар, суперқолданбалар,  маркетплейстер және т.б. арқылы жеткізушілердің, тұтынушылардың және өндірушілердің өзара әрекеттесу әдісі. Цифрлық платформалардың арқасында  қатысушылар арасындағы ақпарат және құндылық алмасу бірнеше есе жылдамдай түспек.

Бір жағынан, платформалық шешімдер пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасайды, шығындарды оңтайландырады, сервистерді нарыққа шығару жылдамдығын арттырады, екінші жағынан – сапалы инфрақұрылымды талап етеді әрі сапалы сараптама мен қолдауды қажетсінеді.

«Консорциум қатысушылары ретіндегі біздің мақсатымыз – платформалық тәсіл шеңберінде сервистерді іске асыру және біріктіру тәжірибесін енгізу, жаңа платформалық шешімдер құру және Қазақстанда серпінді цифрлық АТ-жобалардың пайда болуына жағдай жасау», – деп атап өтті BTS Digital компаниясының бас директоры Нұртай Әбілғалиев.

Консорциум құру процесі бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Қолданыстағы платформалар мен шешімдерге талдау жасаудан, команда құрып, дайындаудан, серіктестерді белгілеуден басталады да, одан әрі жол картасы әзірленіп, жақын арадағы жобалар айқындалады.

«Цифрлық платформаларды енгізу инновациялық әзірлемелерді таратуды, сәйкесінше, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.  Бұл бастама қазақстандық стартаптарға IT-өнімдерді пайдаланушылардың қажеттіліктеріне тезірек бейімдеп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді», деді өз сөзінде Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев. 

«Платформалық тәсіл цифрлық жобалардың дамуын айтарлықтай жылдамдатады әрі жеңілдетеді. Бұл тұрғыдан  АХҚО Tech Hub-ының тәжірибесі мен мүмкіндіктері технологиялық компанияларға қолдау көрсету, инновациялық экожүйелер мен қаржылық технологиялардың дамуына түрткі болу, сонымен қатар жаңа өнімдер мен сервистерді халықаралық нарыққа шығару үшін жеткілікті. Нарықтың жетекші қатысушыларымен күш біріктіре отырып, біз Қазақстанның цифрлық саласының сапалы дамуына ғана емес, оның ұлттық экономикаға ықпалының арутына да жағдай жасаймыз», - деп мәлімдеді Tech Hub бас директоры Павел Коктышев.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін