Жамбылдық оқушылар халықаралық жобада бақ сынады

24 қазанда Жамбыл облысында Beginit Central Asia by inDrive халықаралық жобасының іріктеу кезеңі өтті. Бағдарлама Қазақстанда әлеуметтік көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеп, талантты балаларды қолдауға бағытталған.


Іс-шараға аймақтың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам оқушы, олардың ата-аналары мен мұғалімдері, өткен маусымның қатысушылары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Zhambyl Hub өңірлік менеджері Айгерім Наурызбекова мен Beginit Central Asia by inDrive жобасының координаторы Самат Саяқов қатысты.

Іріктеу барысында оқушылар өздерінің лидерлік әлеуетін анықтауға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, әлеуметтік көшбасшының рөлі мен осы дағдыны дамытудың маңызын білді. Әлеуметтік жобаға арқау болатын идеяларды талқылап, өзекті мәселелерді шешу жолдары жайлы көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар қатысушылар арнайы тест тапсырмаларын орындады. Оның қорытындысы бойынша, үздіктер келесі кезеңге жолдама алады.

Іріктеуден сүрінбей өткен оқушылар әлеуметтік көшбасшы қағидаларын игеріп, қоғам өміріне белсенді араласудың мән-маңызын түсіндіретін білім беру модуліне көшеді. Мұнда қатысушылар өз қалалары мен ауылдарындағы өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынады. Сондай-ақ осы жобаның бас серіктесі  – Astana Hub-тың өңірлік өкілдіктерінің инновациялық орталықтарында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады.

Еске салсақ, өткен маусымда іріктеуге ұсынылған  800-ден астам өтінім ішінен 37 оқушы финалға өтті. 7 жеңімпаз шетелде оқытуы қарастырылған сапарларды, ҰБТ-ға дайындық курстары мен компьютерлерді сыйға алды. 18 қатысушы inVision U инновациялық университетінің Foundation Year бағдарламасына шақырылды.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін