IT әлеміндегі көшбасшы арулар: Astana Hub-та 300-ден астам компанияны әйелдер басқарады
8 наурыз қарсаңында Astana Hub қорытынды шығарып, технопарктегі әйелдер жетекшілік ететін IT-компаниялардың қарқынды өсімін атап өтті. 2023 жылдың басында олардың саны 179 болса, 2024 жылы – шамамен 250, ал 2025 жылы 301 компанияға дейін жеткен.

Бұл өсім әйелдердің жоғары технологиялар саласын меңгеріп қана қоймай, табысты инновациялық компаниялар құрып, көшбасшыға айналып жатқанын көрсетеді. Astana Hub IT саласындағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдап, оларға білім беру бағдарламаларына, акселераторларға және инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады.
«IT-индустриясы қарқынды дамып, экономика, ғылым және қоғамның болашағын айқындап келеді. Дегенмен мұндағы әйелдер үлесі әлі де төмен – шамамен 30%. Бұл көрсеткіш осы алшақтықты жою бағытындағы жұмыстың маңызын көрсетеді. Astana Hub серіктестерімен бірлесіп, IT саласындағы әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, IT Aiel мен Tech Girls жобалары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және TechnoWomen ұйымымен әріптестікте іске қосылып, мыңдаған әйелге digital-кәсіптер әлеміне жол ашты. UNICEF және GameLab KBTU- мен жүзеге асқан Level Up Program шеңберінде 200-ден астам қыз-келіншек GameDev-ті үйренді. Сондай-ақ ITU – БҰҰ-ның жетекші IT ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған AI Skills Accelerator for Girls бастамасы 18–25 жас аралығындағы қыздарды AI технологияларын меңгеруге баулыды», – деді Дания Ахметова, Astana Hub басқарушы директоры.
Astana Hub-та әйелдер басқаратын стартаптар елеулі жетістіктерге жетуде. Мысалы, Лаура Ералиеваның YAYA платформасы – балаларға арналған ойын-сауық қызметін брондау жүйесі $210 мың инвестиция тартып, жобаны Өзбекстан нарығына шығарды және Startup World Cup байқауының жартылай финалына өтті. Ал Тота Сматова CheckDoc-пен көшпелі медициналық диагностикаға арналған цифрлық зертхананы дамытып жатыр. Стартап бір жыл ішінде $300 мың инвестиция тартып, технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтті, әзірлеуші мамандардан құралған команда жасақтады және 300-ден астам серіктес клиниканы жүйеге қосты.
Айдана Айтуарова Porte Tech стартабымен қонақүй бизнесіне арналған SaaS-шешім әзірлеп, Сауд Арабиясында өткен Taqadam байқауында $100 мың ұтып алды. Яна Тен негізін қалаған ZebraEye стартабы $40 мың грант жеңіп алып, Qatar Science & Technology Park-қа шақырылып, Qatar Foundation-да өз жобасын таныстырды. Сондай-ақ стартап New Native, Inc. венчурлік қорымен опциондық келісімге қол қойып, Web Summit Qatar 2025-тің серіктесі атанды және Катардағы Global Innovation Link бағдарламасына енді.
Асылзат Исатаева AI арқылы стоматологиялық ауруларды диагностикалайтын AIDENTIS жобасымен $200 мың инвестиция тартып, жалпы қаржыландыру көлемін $500 мыңға жеткізді. Меруерт Альпиева Algapay жобасымен қызметкерлерге жалақыны төлем күніне дейін алуға мүмкіндік беріп, серіктес компаниялардағы кадр тұрақсыздығын 15–20%-ға азайтуға септігін тигізді. Мақпал Икрамова компьютерлік көру технологиясына негізделген оңалту платформасы – Inventivo жобасымен Aurora Tech Award 2025 сыйлығының лонг-тізіміне енді. Бұл беделді марапат технологиялық стартаптардың негізін қалап, жаһандық дамуға елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдерге беріледі.
Astana Hub IT саласындағы әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашатын бастамаларды дамытуды жалғастырады. Гендерлік әртүрлілік инновацияларға серпін беріп қана қоймай, цифрлық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Әйелдер басқаратын стартаптардың артуы Қазақстан инновациялық экожүйесінің барынша инклюзивті бола түскенін айшықтаса, олардың технологиялық кәсіпкерлікке қосқан үлесі елдегі цифрлық трансформацияның ажырамас бөлігіне айналып жатыр.
Пікірлер 5
Кіру пікір қалдыру үшін
Дархан Жаксыбаев · Наурыз 6, 2025 13:08
Молодцы. Успехов всем девушкам и женщинам. С наступающим праздником !!!
Smart Money · Наурыз 5, 2025 16:38
Интересно
Ilias Zholaman · Наурыз 4, 2025 17:18
умницы!
Ainur Shamkelova · Наурыз 4, 2025 15:28
Тамаша құбылыс!
Борис Стуков · Наурыз 4, 2025 15:02
Наши девушки самые красивые и умные в мире