Алтынай Боранбай: Ауадай қажет тәжірибені Tech Orda бағдарламасынан алдым

Бүгінгі жаһандану заманында ақпараттық технологиялардың қыр-сырын еркін меңгерген, бағдарламалау жүйесінің жұмысын жақсы білетін мамандардың бәсі биік. Олардың қатарын арттыру мақсатында ҚР ЦДИАӨМ мен Astana Hub бірлесіп, Tech Orda бағдарламасын ұсынып отыр. Мұнда ІТ саласы бойынша жылдам және тиімді білім алуға ниетті жастарға тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Сондай мүмкіндікті қалт жібермей, грант иегері атанған жандардың бірі – Алтынай Боранбай. Биыл ғана қолына диплом алса да, қазірдің өзінде алдыңғы қатарлы қаржы институттарының бірінде еңбек етіп жүрген жас маманмен аз-кем тілдесудің сәті түсті.


– Алтынай, қоғамда «бағдарламашы мамандығы – ер азаматтарға тән сала» деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Жалпы, қаршадай ғана қыз неліктен жүгі зор мамандықты таңдады?

– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ физика, математика пәндеріне қатты қызықтым. Есептерді шешу, олардың дұрыс жауабын табу қатты ұнайтын. Сондықтан болашақ мамандығымды осы пәндермен байланыстырдым. 11-сыныпқа аяқ басып, кәсіби бағытты таңдайтын сәт туған кезде еңбек нарығына шолу жасадым. Қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие, әлеуеті зор, келешегі бар мамандықтардың тізбесін түздім. Сөйтіп, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқанын байқап, оның жан-жақты бағыты барын ескеріп, ІТ-саласына таңдауым түсті. Мұнда жоғары білікті маман ретінде өсіп-өркендеуге мүмкіндік көп. Себебі ІТ сан түрлі саланы қамтиды. Ол білім мен денсаулық, әлеуметтік қорғау мен саясат, қаржы мен өнеркәсіп сынды маңызды бағыттардың бәрінде бар. Сол жүйелердің қалтқысыз жұмыс істеуіне, оған жаңашылдықтарды енгізуге үлес қосқым келеді. Ал ерлерге тән мамандық дегенге келер болсақ, меніңше қыздардың да қолынан бәрі келеді. Сондықтан бұл ретте бөліп-жарудың еш керегі жоқ.

– Ал Tech Orda бағдарламасы туралы қайдан білдіңіз? Неліктен осы бағдарлама бойынша білім алуға бет бұрдыңыз?

– Әлеуметтік желілерден Tech Orda бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау жүріп жатқанын көзім шалып қалды. Бір сәтке де ойланбастан, бағымды сынап көруге бел будым. Себебі бұған дейін аталған бағдарламаның берері мол екенін оқып, көрген едім. Сәті түсіп, грант иеленіп, қатысушылардың қатарына қосылдым. Университет қабырғасында негізінен теориялық білімге ден қойылады. Ал маған тәжірибелік жұмыстардан өту маңызды еді. Ширай түсуім үшін, саланың тереңіне үңілу үшін тәжірибе ауадай қажет болды. Оны осы Tech Orda бағдарламасы аясында QWANT ІТ-мектебінен алдым.

Сұхбаттың толық нұсқасы otyrar.kz сайтында 

Комментарии 2

Авторизуйтесь чтобы оставить комментарий