Бастапқы сатыдан біліктілікке апарар жол: QSTEM компаниясында оқу тәжірибесі!

Сәлеметсіздер ме?! Есімім Бақшабай Нұрай. QSTEM компаниясында “Деректерді талдау” курсында оқып жүргеніме жарты жылға жуық уақыт болып қалды. Сіздермен осы курстың барысында алған тәжірибелеріммен бөліскім келіп отыр!

Алғашында талапкерлердің бағдарламалау саласындағы білімін тексеру және лайықты курсты табу мақсатында тест тапсыру міндеттелді. Tech Orda бағдарламасы бойынша QSTEM IT-мектебіне “FrontEnd әзірлеу” және “Деректерді талдау” курстарына грант берілді. Тест нәтижелері бойынша “Деректерді талдау” курсы маған қолайлы деп табылды.

Курстар оқу  қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болды. Мен қазақ тілінде оқытуды таңдадым. Алғаш уақытта, қабылдау тестінің нәтижелеріне байланысты топтарға бөліндік. Курс 4 тарауға бөлініп, онлайн және офлайн форматта өтті. Бұл курсты жұмыспен немесе оқумен ұштастыруға өте ыңғайлы болды.

Бірінші тарау Excel бағдарламасы ортасында болды, біз кестелер мен графиктердің негіздерін үйрендік. Excel бағдарламасының мүмкіндіктерінің өте зор екеніне таң қалдым. Біз жиынтық кестелерді, функцияларды құруды және пішімдеуді қолдануды үйрендік.

Екінші тарау Power BI-ға арналды, біз есептер мен бақылау тақталарын жасауды үйрендік. Бұл тарау мен үшін ең қызықты болды, өйткені Excel бағдарламасында үйренген деректерге визуализация жасау және оларды талдау үшін Power  BI  қажетті бағдарлама екенін түсіндім.

Үшінші тарау SQL бойынша болды. Бұл тарау мен үшін ең қиыны болды, өйткені мен бұрын-соңды ешқашан дерекқормен жұмыс істеп көрмегенмін. Біз кестелерді құруды, сұрауларды орындауды және мәліметтер қорын басқаруды үйрендік. Мен бұл тараудан сүрінбей өттім, бірақ дерекқорлардың қалай жұмыс істейтінін мұқият түсіну үшін алдыңғы тарауларға қарағанда көбірек жұмыс істеуге тура келді. Тарау соңында емтиханды сәтті тапсырып, сертификат алдым.

Төртінші және соңғы тарау Python туралы болды. Мен бұл тараудың қиын болатынын білдім, өйткені Python - бұл бағдарламалау тілі және бұл тілмен бұрын жұмыс жасап көрмеген едім. Бірақ біз бұл тілдің айнымалылар, шартты мәлімдемелер, циклдар және функцияларды секілді негіздерін үйрендік. Қазіргі уақытта біз деректерді талдау мақсатында бұл тілдің кітапханалары жайлы бөлімге көштік

Курсты оқу барысында әр жұма сайын IT-мектебінде қызықты іс-шаралар өтіп тұрды. Кәсіпқой мамандардың  қонақ дәрістері, конкурстар мен ойындар, басқа студенттермен тәжірибе алмасу және т.б. секілді танымдық кездесулер көп болды. Бұл іс-шаралар бізге өте пайдалы болды және біліміміз бен дағдыларымызды кеңейтуге зор септігін тигізді деп ойлаймын.

QSTEM компаниясы өзім секілді  IT әлеміне жаңадан келіп жатқан студенттерге өте қолайлы және де қызықты танымдық орта жасады. Біздің дәрістеріміз компанияның филиалдарының бірінде өтті. Бұл филиал жеке кофеханасы бар коворкинг ретінде дайындалған. Бізге бұл орталықта таңертеңнен кешке дейін оффлайн болуға рұқсат етілді. Бұл бізге өте ыңғайлы болды, себебі  біз басқа студенттермен және мұғалімдермен бетпе-бет сөйлесіп керекті сұраққа жауап ала алатын едік.

Жалпы, “Деректерді талдау” курсы  мен үшін өте пайдалы және қызықты болды деп ойлаймын. Мен болашақта бұл курстан алған білімімді және дағдыларымды өз жұмысымда және оқуымды ұштастыруда қолдана алатыныма сенімдімін. Маған ең ұнаған сәттерінің бірі бұл оқуды университеттегі оқумен қатар алып жүруге мүмкін екені болды, сондықтан осы секілді курстарды оқуға достарыма және жақындарыма сенімді түрде кеңес бере аламын!

Комментарии 0

Авторизуйтесь чтобы оставить комментарий