Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелуі ең алдымен ғұлама ғалым, аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы Халық ағарту комиссариатында құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде (1921–1922 жж.) Қазақстандағы ғылымды академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1932 ж. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) Ғылым академиясының Қазақстан базасы жасақталып, 1936 ж. оның алғашқы құрамына 1934 ж. құрылған Ұлт мəдениеті институты берілді. Осы аталған Институттың тіл, əдебиет, халық шығармашылығы жəне тарих секторлары жоғарыдағы аталмыш базаның негізінде 1938 ж. құрылған КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, əдебиет жəне тарих институтының құрылуына (1941 ж.) негіз болды. 1945 ж. Тіл, əдебиет жəне тарих институтының негізінде екі жеке институт – Тарих, археология, этнография институты мен Тіл жəне əдебиет институты құрылды. 1961 ж. Қаныш Сəтбаев пен Мұхтар Əуезовтің, Ісмет Кеңесбаевтың мəселе көтеруімен Тіл жəне əдебиет институты негізінде Əдебиет жəне өнер институты мен Тіл білімі институты бөлініп шықты. 1990 ж. 26 ақпанда Тіл білімі институтына көрнекті мемлекет қайраткері, ағартушы жəне лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. Қазақ тіл білімінің, түркітанудың қалыптасу тарихы республикадағы лингвистикалық ойдың жетілуі мен дамуына елеулі үлес қосқан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, ҚР ҒА академиктері Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері С.Аманжолов, А.Ысқақов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев т.б. ғалымдардың атымен тығыз байланысты. Институт қызметінің мәні мен мақсаты: мемлекеттік ғылыми саясатты және ішінара тіл саясатын іске асыру, гуманитарлық ғылымның жекелеген саласы ретінде қазақ тіл білімінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру, отандық лингвистикалық пайымды, мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын қалыптастыру, дамыту және үздіксіз жетілдіру. Институттың стратегиялық көзқарасы: қазақ тіл білімі саласында синхронды және диахронды тұрғыдан, әлеуметтік лингвистика, лингвокогнитология, психолингвистика, түркология және корпустық лингвистика бойынша іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізетін, мемлекеттік тіл мен тіл саясатының ғылыми-лингвистикалық базасы бойынша және ұлттық саясаттың идеологиялық базасы бойынша күрделі академиялық еңбектер әзірлейтін жоғары білікті кадрлары бар қуатты ғылыми-лингвистикалық орталық. Институттың негізгі қызметі: - әлемдік лингвистикалық ғылымның жекелеген саласы ретінде қазақ тіл білімін дамытуға; - қазақ қоғамының лингвистикалық санасы мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға; - мемлекеттік тілдің қолданылуына қажетті ғылыми-лингвистикалық базасын қамтамасыз етуге бағытталған.