Asia Business Conference: Жаңа технологиялар мен аймақтың даму перспективасы

АҚШ Калифорния штатының Беркли қаласында 18-ші Asia Business Conference өтті. Іс-шарада Silkroad Innovation Hub және Astana Hub өкілдері Орталық Еуразияның даму перспективасы туралы сөз қозғады.


Биылғы «Rising Asia: Shaping the Moment, Navigating Challenges and Opportunities» атты конференция Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық және әлеуметтік дамуға жаңа технологиялардың әсерін талқылау мен бағалауға бағытталған.

Конференцияда «Emerging Tech and Entrepreneurship in Central Eurasia» тақырыбындағы панельдік сессияға айрықша мән берілді. Мұнда Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас директоры Әсет Абдуалиев, Astana Hub-тың халықаралық өкілі Айдана Дауылбай, IT Park Uzbekistan – Солтүстік Америка аймағының бас өкілі Сұлтонмурод Расулов, StartX-тің бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Дарш Манн және CerebraAI стартабының негізін қалаушы әрі бас директоры Досжан Жүсіпов сөз сөйледі. Сарапшылар аймақтағы жасанды интеллект пен үлкен тілдік модельдерді дамыту мен енгізу маңызын талқылады.

«Asia Business Conference Азиядағы бизнесті дамытуға ниетті кәсіпкерлер мен инноваторлар үшін аса маңызды ортаға айналып келеді. Біз осы платформада Орталық Еуразия әлеуетін таныстырып, жаңа технологиялар мен кәсіпкерлік саласындағы әріптестікті талқылағанымызға қуаныштымыз», – деді Орталық Еуразия фаундерлері мен стартаптарға арналған Кремний алқабындағы алаң – Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы әрі бас директоры Әсет Абдуалиев.

Биыл 6 сәуірде Berkeley Haas School of Business беделді оқу орнында өткен Asia Business Conference өз алаңында Cisco, TikTok, Google, Amazon, Meta, Alibaba сияқты технологиялық алыптардың жетекші өкілдерінің, сондай-ақ Fusion Fund, EnvisionX Capital, Blume Ventures, Intudo Ventures компаниясының венчурлық капитал саласындағы сарапшылары мен Stanford және UC Berkeley университеттері білікті профессорларының басын қосты.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін

Впечатляет!

Жауап беру