Astana Hub пен InDrive компаниясы Beginit by inDrive әлеуметтік жобасын жүзеге асыруды жалғастырады

Astana Hub халықаралық технопаркі мен InDrive халықаралық IT-компаниясы өзінің «Beginit by inDrive» жобасы шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Digital Bridge 2023 форумында өтті.


Astana Hub және InDrive арасындағы ынтымақтастық – стартап-индустрияны, жобалық қызметті, әлеуметтік көшбасшылықты және техникалық дағдыларды қамтитын білім беру курстарын әзірлеуді және өткізуді көздейді. Бұл курстар жастардың әлеуетін ашуға ықпал етеді және олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі. Екі тарап та жас таланттарды қолдау, стартап-индустрия, технологиялар және инновациялар саласында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

«Astana Hub және InDrive арасындағы бұл ынтымақтастық жастар үшін тұлғалық даму, жаңашылдықтарды меңгеру, білім тұрғысынан шабыт алуға  мүмкіндіктер ашады және елдегі әлеуметтік өзгерістерге ықпал етуге бағытталған. Бұл келісім – білім беруді дамыту және Қазақстандағы жас таланттарды қолдау бағытындағы маңызды қадам. Ол оқушылар арасында көшбасшылық және жобалық қызметті дамытуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ жасөспірімдердің өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған  жобаларын ұсынуға және іске асыруға ықпал етеді. Бағдарлама – Қазақстан өңірлерінен талантты жастарды табу, білім алу және кәсіптік және кәсіпкерлік әлеуетті іске асыру кеңістігін қалыптастыру ретінде маңызды құжат болмақ», - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке өңірлердің әлеуетін дамыту үшін жағдай жасауды, атап айтқанда, кәсіпкерлікті, IT және креативті индустрияны дамытуды тапсырды. 2022-2023 жылдары Astana HUB-пен бірлесіп Біз арнайы «Beginit» жобасын іске асырдық. Мақсатымыз ауылдағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Жоба өзінің маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетті. Бір жыл ішінде жобаға Қазақстанның 17 өңірінен 327 оқушы мен 25 мұғалім қатысты», - деп атап өтті Beginit by InDrive жобасының жетекшісі Елена Тропинова.

«Beginit 2024» жобасы және қатысушыларды іріктеу процесі туралы қосымша ақпарат алу үшін Astana Hub және InDrive өкілдеріне хабарласуға болады.

Еске салайық, 12-13 қазанда Қазақстанның астанасында Орталық Азиядағы ең ірі   IT-форум - Digital Bridge 2023 өтті. Форумның басты тақырыбы - Artificial and Human Intelligence: The right balance.

Форумның екі күндік бағдарламасы ауқымды шараларды қамтыды: ҚР Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс және one-to-one кездесулер, шетелдік спикерлермен 30-дан астам панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Google for Startups іс-шаралары, Digital Bridge Awards марапаттау рәсімі, стартаптар Аллеясы, Astana Hub Battle ірі стартаптар додасы, сонымен қатар корпорациялар, робототехника, IT-мектептер, VC Zone, аймақтық IT-хабтар көрмесі және ірі IT-компаниялардың вакансиялар жәрмеңкесі өтті.

Digital Bridge ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі. Бас демеуші - Kaspi.kz. Демеушілер мен серіктестер - Freedom bank, Visa, Yandex, Citix, Ozon, ТТС, Halyk, Eurasian bank, BI Group, Allur, Bereke bank, Huawei, Mycar, Kazakhtelecom, Kcell, Tele2, Altel, Beeline, ҚазМұнайГаз, Qazaqgaz, Битрикс 24, QIC, KDSS, 7Generation, Binance. 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін