Astana Hub әлемге әйгілі Europages digital-платформасымен келісімге келді
ІТ-стартаптарға әлемдік нарықта қызметтері мен өнімдерін өткізуге қолдау көрсету мақсатында Astana Hub халықаралық технопаркі Еуропа мен дүние жүзі бойынша серіктестер табу және тауарлар мен қызметтерді өткізуге арналған Europages халықаралық цифрлық платформасымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Europages арқылы Astana Hub қатысушылары өз кәсібін халықаралық деңгейдегі саудаға шығаруға мүмкіндік алады. Платформа клиентінің өнімдері мен қызметтері 15 тілде, соның ішінде кең қолданылатын еуропалық тілдерде, арабша, түрікше, қытайша және тағы басқа тілдерде ұсынылады. Europages платформасының еуразиялық аймақтағы экслюзивті өкілі Гранд-Гектор компаниясы екенін айта кету керек.
«Europages цифрлық платформасымен серіктестік – қазақстандық ІТ-стартаптарды шетелдік нарыққа шығарудағы басты қадамдарымыздың бірі. Astana Hub қатысушылары осы мүмкіндікті пайдаланып, ІТ-өнімдерін өткізіп, жаңа клиенттер тауып, кәсіптерін одан әрі дамытады деген үміттеміз» – деді Astana Hub басқарушы директоры Абай Әбсамет.
Astana Hub пен Europages ынтымақтасып, Astana Hub халықаралық технологиялық паркі қатысушыларының өнімдерін өткізуге қолдау көрсету, серіктестік бағдарламалары бойынша жобаларды халықаралық/шетелдік электрондық сауда алаңдарында орналастыру, қазақстандық өнімдерді экспорттау бойынша біріккен бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру және тағы да басқа бағыттарда жұмыс істейді. Сондай-ақ Astana Hub қатысушыларына Europages платформасына орналасуға 5% жеңілдік ұсынылады.
Europages әлем бойынша 3 000 000 өндіруші, тасымалдаушы және дистрибьюторды қамтиды, солардың 78% Еуропадан. Ай сайын платформаға 4 миллионнан астам сатып алушы кіреді, соның ішінде Еуропадан - 68%, Таяу Шығыс елдерінен - 15%, Африка және Латын Америка елдерінен - 10%.
Europages – B2B сегментінде Google премиум серіктесі болғандықтан, платформа клиенттерінің Google іздеу сервисінде алдыңғы тізімнен табылу мүмкіндігі бар.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін