Astana Hub пен TikTok қазақстандық стартаптар арасында байқау өткізіп жатыр
Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі TikTok платформасымен бірге биыл 28 қыркүйек – 29 желтоқсан аралығында Қазақстан аумағында «TikTok Startup Valley» байқауын жариялады.
«Стартаптарды барынша танымал ету үшін жылдам дамып жатқан TikTok видеоплатформасымен ынтымақтастық орнаттық. TikTok Startup Valley байқауының қатысушылары өз жобаларын қысқа видеомен таныстыру арқылы Astana Hub-тан бағалы сыйлықтар алып қана қоймай, ең бастысы – әлеуетті қолданушылар, инвесторлар мен серіктестер табу мүмкіндігіне ие болады», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Байқау шарты бойынша қатысушылар үш айдың ішінде TikTok-та #ТикТокИнкубатор хештегімен ұзақтығы бір минуттан асатын кемінде 36 видео жариялап, жобасын креативті таныстыруы тиіс. Сондай-ақ әрбір бесінші видеоролигінде @astana_hub аккаунтын белгілеуі керек.
«Инновациялық компания ретінде біз технологиялық кәсіпкерлікті қолдағымыз келеді. Осы мақсатта біздің Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub-пен біріге жұмыс істегеніміз қисынды», - деді Global Business Solutions, TikTok-тың Шығыс Еуропадағы бас директоры Анастасия Панина.
Іріктеу талаптарына сәйкес «TikTok Startup Valley» байқауына кәмелетке толған қазақстандық азаматтар мен ҚР тұру ыхтиярхаты бар кісілер қатыса алады. Қатысушылар видеосының әр қаралымына ұпай есептеліп, қаралым көбейген сайын, ұпай да ұлғаяды. Жиналған ұпай мен роликтің креативтілігіне және байқаудың барлық шартының орындалуына қарай 3 жеңімпаз анықталады.
1-орын иегері - ең жарқын және креативті жобаның авторы жеңімпаз атанып, Орталық Азиядағы мықты ІТ-тәлімгерлермен жұмыс істеу мүмкіндігіне және макбукқа қол жеткізеді. Ал екінші және үшінші орын алған қатысушылар Iphone және Apple Watch сияқты бағалы сыйлықтарға ие болады.
Байқау туралы толығырақ Astana Hub платформасында https://astanahub.com/l/TikTokStartupValley
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін