16 млн теңге үшін тартыс – халықаралық Decentrathon 3.0 хакатонының жеңімпаздары анықталды
Халықаралық деңгейде өткен ауқымды онлайн-хакатон — Decentrathon 3.0 өз мәресіне жетті. Іс-шараға 19 елден 2600-ден астам қатысушы қосылып, үш күн ішінде 1300 команда жасанды интеллект, автоматтандыру және геймдизайн салалары бойынша 500-ден астам шешім әзірледі. Жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрады.

Хакатон жеңімпаздары Қазақстанның түрлі өңірлерінен шыққан. Kazakhtelecom ұсынған тректе келесі командалар үздік атанды: AI Therapy (Алматы), FlyNetics (Жамбыл облысы), NeoDev (Алматы), Rewe (Алматы), ss (Алматы), Depa Team (Қостанай облысы), Just Danc (Астана) және Tokyo Geass 2.0 (Алматы).
Аctiv 5G трегінде Астанадан қатысқан Кобро Тигры және SuperNova командалары үздік нәтиже көрсетті. Ал Mastercard трегінің жеңімпазы – астаналық TYM командасы болды.
Grand Mobile компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған GameJam аясында Қарағандыдан Deslab, Алматыдан SHU, Семейден sbil_it командалары топ жарды.
Жүлде қоры жеңімпаз командалар арасында үлестіріледі. Барлық финалистке арнайы сертификаттар табысталады.
«Хакатон ұйымдастырушыларына және Kazakhtelecom-ға алғысым шексіз. Белгіленген дедлайн аясында 56 сағат бойы ұйқысыз, бар зейінмен жұмыс істеудің арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Жоба аясында RTMP-сервер арқылы дроннан тікелей бейнежазба жіберетін функцияны ғана емес, сондай-ақ дрон ұшуларын басқаруға арналған толыққанды платформаны жасап шықтық», – деді FlyNetics командасының мүшесі Даниал Керімқұл.
Программалау біліктілігін талап етпейтін және көпшілікке қолжетімді «Креативтегі AI» атты байқау ерекше қызығушылық тудырды. Бұл аталымда Astana Hub жанындағы жасанды интеллект мектебі Tomorrow School студенттерінен құралған SuperNova командасы жеңіске жетті. Аталған жобада заманауи AI құралдарының креатив пен тың идеялар көзі бола алатыны көрініс тапты.
Финалистердің жобалары ұшқышсыз жүйелер мен транзакцияларды талдаудан бастап, мобильді ойындар мен креатив индустрияларына арналған AI-сервистерге дейінгі бағыттарды қамтыды.
«Ұйымдастырушылар мен Mastercard компаниясына қызықты кейс үшін алғысымды білдіремін. Біз әріптесіммен бірге B2C сегментінде дата-инженер болып жұмыс істейміз, сондықтан тапсырма біз үшін өте таныс әрі қызықты болды. Бұған дейін қатысқан хакатондардың ішінде осы жолғысы ерекше есте қалды – мұқият дайындалған деректер жиыны, ұйымдастыру жоғары деңгейде, пайдалы Q&A-сессиялар. Керемет тәжірибе мен шабыт үшін рақмет» – деді TYM командасының мүшесі Темірлан Тұрсынбеков.
Хакатонды Astana Hub пен Blockchain and AI Technology Center ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Қатысушылар Decentra платформасы арқылы тіркеліп, тапсырмаларды алып, ұйымдастырушылармен өзара байланыс орнатты.
Decentrathon 3.0 — бұл тек командалық жұмыс алаңы емес, сонымен қатар халықаралық кәсіби қауымдастықты қалыптастыратын платформаға айналды. Келесі хакатон 2025 жылдың қыркүйегінде өтеді және алғаш рет Қазақстанның 20 қаласында бір мезгілде офлайн форматта ұйымдастырылады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін