Қазақстандық Cybernet AI Microsoft-тың жаһандық бағдарламасына іріктелді
Astana Hub резиденті – отандық жасанды интеллект негізіндегі Cybernet AI $350 000 астам көлемде гранттық қолдауға ие болып, Microsoft for Startups халықаралық бағдарламасының қатысушысы атанды. Бұл бағдарлама B2B бағытында тұрақты өсу қарқыны бар болашағы зор технологиялық компанияларды қолдауға бағытталған және оларға Microsoft технологияларына қол жеткізіп, жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін ұсынады.

Суретте Cybernet AI негізін қалаушылар: Иван Белохвостиков, Рашид Исмаилов, Виталий Акулов
Cybernet AI – жоғары өнімділік, қауіпсіздік және масштабталу талаптарына сай келетін корпоративті дауыс арқылы басқарылатын ЖИ шешімдерін әзірлеумен айналысады. Бүгінде компания Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет пен АҚШ-та жұмыс істейді, сондай-ақ Ұлыбритания, Түркия, Еуропалық Одақ елдері мен Мексикада пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Стартаптың шешімдері 12 тілді, соның ішінде қазақ, өзбек, орыс, ағылшын, араб және испан тілдерін біледі.
«Біз Alchemist Accelerator аясында Microsoft for Startups бағдарламасына қатысуға шақырту алдық. Бұл серіктестік дамуға ықпал ететін гранттарға, сондай-ақ Microsoft ұсынған технологиялық ресурстар мен сараптамалық қолдауға жол ашты. Мұның барлығы өнімдерімізді жедел әзірлеп, корпоративтік клиенттердің талаптарына сай етіп, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ЖИ шешімдеріміздің сенімділігі мен бизнеске нақты құндылық әкелетінін айшықтайтын маңызды қадам», – деді Иван Белохвостиков, Cybernet AI негізін тең қалаушы.
Microsoft for Startups бағдарламасы аясында стартаптарға Azure бұлтты платформасы мен басқа да маңызды құралдар ұсынылады. Қатысушылар техникалық сарапшылардың сүйемелдеуімен жұмыс істейді, саладағы жетекші менторлардан кеңес алады, сондай-ақ халықаралық серіктестік желі мен инвесторларға шығу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама қарқынды оқыту, өнім әзірлеуді жеделдету, нарыққа шығу стратегияларын құру және B2B шешімдерді жаһандық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.
Cybernet AI-дың осы бағдарламаға қатысуы қазақстандық стартаптардың технологиялық бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Орталық Азияда жасалып жатқан инновацияларға жаһандық корпорациялардың қызығушылығының артқанын білдіріп, өңірлік компанияларға жаңа нарықтар мен серіктестік мүмкіндіктерінің есігін ашады.
Анықтама:
Microsoft for Startups – даму әлеуеті жоғары технологиялық стартаптарды қолдауға бағытталған жаһандық бағдарлама. Ол Microsoft-тың бұлтты шешімдеріне, әзірлеу құралдарына (GitHub Enterprise, Visual Studio), сараптамалық қолдауға және серіктестіктің кең желісіне қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.
Alchemist Accelerator – 10 жылдан астам тарихы бар, Кремний алқабында орналасқан жетекші акселератор. B2B сегментіндегі стартаптарға бастапқы инвестициялар, менторлық қолдау және ірі клиенттер мен инвесторлармен байланыс орнату мүмкіндіктерін береді.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін
Milan Gorislavets · Сәуір 22, 2025 21:11
cool
Рика Зач · Сәуір 22, 2025 18:53
Вы знакомы с жанром космическая фантастика? Прекрасные произведения. Я очень люблю данный жанр. Советую вам ознакомиться с ним: https://zelluloza.ru/search/genres/513/