Digital Almaty 2023: Стартаптар аллеясында 100 IT-жоба
Digital Almaty 2023 бесінші халықаралық цифрлық форумы аясында ұйымдастырылған Стартаптар аллеясында FinTech, Smart City, EDtech, GameDev, IoT, 5G, SaaS, Blockchain, Big Data, MedTech және тағы басқа сала бойынша 100 үздік жоба ұсынылды.
«Биыл Digital Almaty-ға 15 мыңнан астам адам келді. Форум әртүрлі елдердің ірі венчурлық қорларын, халықаралық компаниялардың өкілдерін, юникорндарды, БАҚ, мемлекет және IT-қауымдастығын біріктірді. Стартаптар аллеясына қатысуға да сұраныс жыл сайын артып келеді. Өйткені Стартаптар аллеясы жас ІТ-компанияларға өз өнімін танытып,инвестиция тартуға, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, сондай-ақ басқа елдердегі үздік жобалармен танысуға бірегей мүмкіндік береді», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Стартаптар аллеясында форум қонақтары Қазақстан, Татарстан, Қырғызстан және Тәжікстанның MVP, PMF және Scale кезеңдеріндегі үздік стартаптарымен таныса алады.
Мысалы, Connected Home стартапы ақылды үй жүйесін немесе коммерциялық және тұрғын үй-жайларды автоматтандыруды дамытуға бағытталған; Payda – жеңілдетілген салық режимі бойынша шағын және орта бизнес иелеріне арналған бухгалтерлік қызмет; Suretter software – тұтынушылық фото және бейнекамералар үшін ендірілген бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші: спорт камералары, VR 360 камералары; JET – мобильді қосымшаның көмегімен скутерлерді қысқа мерзімге жалға алу қызметі; OQYLYQ – ең алдымен сандық ортада мұғалім мен студенттердің өзара әрекетін ұйымдастыруға бағытталған оқытуды басқару жүйесі.
«Алматыдағы ең ірі технологиялық іс-шара болғандықтан, бұл форумға қатысу аса маңызды. Біз финтек компаниясының өкілдері ретінде аллея қатысушыларына, форум қонақтарына өз жобамызды қуана-қуанатаныстырып жатырмыз. Біздің жоба 2021 жылы қазақстандық нарықта сәтті іске қосылды. Жақын арада оны Түркияда іске қосу жоспарлап отырмыз, сонымен қатар Таяу Шығысқа шықпақпыз. Халықаралық нарыққа шығудағы мақсат – ислам қағидаттарына сәйкес цифрлық қаржылық қызметтерді көрсету», – деді Tayyab цифрлық қаржылық сервисінің бас директоры Дастан Байсалбаев.
Қазақстандық Juzzim әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Ғабиден Тілеу де адами капиталды дамытатын және еліміздің IT-әлеуетін арттыратын осындай ауқымды ІТ-шаралардың қажеттілігін атап өтті.
«Елімізде ІТ саласының дамуы жүріп жатыр, бұл сөзсіз, өйткені. бұл әлемдік үрдіс, бірақ мемлекеттік қолдау өте маңызды. Стартаптар аллеясы, әрине, тұрақты негізде қажет. Біздің стартап кез келген ұлттың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттауға және сақтауға бағытталған, әрине, ол бастапқыда Қазақстанға бағытталған», - деді ол.
Еске салсақ, 2023 жылдың 2-3 ақпанында Алматыда V Халықаралық «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» цифрлық форумы өтіп жатыр. Форумда инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлері талқылануда. Форум 2018 жылдан бастап бесінші рет өткізіліп келеді.
Іс-шараны ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының Әкімдігі, Tech Garden және Astana Hub ұйымдастыруда.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін