Digital Bridge-2022 Орталық Азия елдерін біріктірген жылдың ең ірі ІТ-алаңына айналды
28-29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев пен ІТ, инновация, бизнес саласының халықаралық және отандық сарапшылары, ірі компаниялардың басшылары бас қосқан Digital Bridge 2022 технологиялық форумы биылғы жылдың ең басты ІТ-оқиғасына айналды. Іс-шараға әлемнің 15 елінен 25 мыңға жуық адам, 300 IT-компания, 150 венчурлық инвестор мен бизнес-періштелер, 300-ден астам спикер мен 100 стартап қатысты.
“Біздің ел көп ұзамай Орталық Азияның ең ірі цифрлық хабының біріне айналуға ниетті. Алпауыт компаниялармен ынтымақтаса отырып, ІТ-кадрларды дайындап, адами капиталды дамытамыз. Digital Bridge өтіп жатқан күндері БҰҰ-ның жаңартылған рейтингінің (UN Global E-Government Development Index) нәтижелері жарияланғаны қуанышты жаңалық болды: Қазақстан "Электрондық үкіметті" дамыту бойынша бір сатыға көтеріліп, 28-ші орынға ие болды! Бұл цифрландыру саласында барлық елдердің арасында біздің алға дамып келе жатқанымызды көрсетеді. Осылайша, цифрлық дамуда 130-дан астам елдің ішінде үздік 30-дың қатарындамыз”, - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Форумға Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мустафа Варанк, Өзбекстан Республикасының Ақпараттық технологиялар мен коммуникацияларды дамыту министрі Шерзод Шерматов, Әзірбайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрінің орынбасары Фарид Ахмадов, Қырғыз Республикасы Цифрлық даму министрінің орынбасары Индира Шаршенова қатысты.
300-ден астам спикер - мықты дипломаттар, халықаралық компаниялардың басшылары, әйгілі сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері 45 панельдік сессия аясында заманауи үрдістер мен ІТ, инновация, бизнестің маңызды мәселелері туралы айтты. Сондай-ақ түрлі саланың цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект, бұлтты сервистер, GovTech дамыту, Интернетке кең жолақты қатынау, 5G, дербес деректерді қорғау, криптоиндустрия, цифрлық майнинг, кеңістіктік деректер, жерді қашықтықтан зондтау және спутник технологиялары, блокчейн, цифрлық валюта, роботтандыру, киберқауіпсіздік, венчурлық инвестициялар мен т.б. тақырыптарды талқылады.
Жалпы, екі күннің ішінде форум алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер мен басқа да ұйымдар ІТ-инновацияны дамыту бойынша 29 меморандум мен келісім жасасты. Соның ішінде Astana Hub еліміздің ІТ-әлеуетін арттырып, тиісті мамандар дайындауға серпін беру мақсатында 11 меморандумға қол қойды, соның ішінде түркі елдері технопарктерімен де келісімге келді. Технопарктер көрмесіне Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Палестина және Қазақстанның 13 технопаркі қатысты
«Менің ойымша, бұл форум - Орталық Азия елдерінің басын қосатын керемет бастамалардың бірі. Жаһандық тұрғыда біздің елдер тым шағын болуы мүмкін, алайда түркітілдес елдері біріксек, жоғары деңгейге шыға аламыз», - деді Чубак Теміров, Қырғызстан Жоғары технологиялар паркінің директоры.
Digital Bridge-дегі ең басты аймақтардың бірі – Стартаптар аллеясында Орталық Азияның Edtech, Healthtech, Agritech, Fintech саласындағы 100-ден астам үздік стартапы таныстырылды. Сондай-ақ ІТ-вакансиялар жәрмеңкесінде 20 отандық және шетелдік компания ІТ-технология, data science, blockchain бағытында 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды.
Форумдағы ІТ-мектептер көрмесіне қатысқан 20 мектеп болашақ студенттерге өздерінің оқу орындарын таныстырды. Сондай-ақ Digital Bridge алаңында 10 студентке Tech Orda бағдарламасы аясында аккредитациядан өткен 50 мектептің кез-келгенінде тегін оқуға мүмкіндік беретін ваучер табысталды. Еске салсақ, былтыр Astana Hub Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ІТ-саласындағы мамандар дайындау бағытында әр студент үшін 600 000 теңгеге дейін қаржы бөлінетін Tech Orda бағдарламасын іске қосқан болатын.
Форум барысында Astana Hub пен Google for Startups бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасының Demo Day өтіп, 14 стартап-түлек венчурлық қорларға, инвесторлар мен бизнес-періштелердің алдында ІТ-жобаларын таныстырды.
Форумның ең қызықты оқиғасына айналған Astana Hub Battle жарысына қатысуға 250 өтініш түсіп, соның ішінде Орталық Азияның түрлі елдерінен 97 жоба Digital Bridge 2022 алаңында таныстырылым өткізді. Және тек 10 стартап финалға шығып, $10 000 (1 орын), $5 000 (2 орын), $ 3 000 (3 орын) сыйлық қоры үшін бақ сынасты. Қырғызстанның NBFIT – әйелдерге арналған фитнес-сервис стартапы жеңіске жетті. 2 орын бөлшек сауда мен қонақ үй бизнесіндегі қызметкерлерге тапсырыс беретін Easy Tap онлайн сервисіне бұйырды. 3 орынды жұмысшы мамандықтарына арналған қашықтан жұмыс істеу метағаламын жасауға бағытталған Cibionyx стартапы алды.
«Astana Hub Battle – бұл ең алдымен стартапты жария ету мүмкіндігі. Бұл іс-шараға үнемі көп адам жиналады. Сондай-ақ бұл инвесторлар үшін де мүмкіндік алаңы. Форумға 150 белсенді венчурлық инвесторлар мен бизнес-періштелер қатысты. Сондықтан форум инвесторларға да, стартаперларға да тиімді болғанына сенімдімін», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Биылғы форумның басты жаңашылдығының бірі - сыйлық қоры 2 миллион теңгені құраған Alaman Digital Bridge киберспорттық турнирі. Аламанда қырғызстандық «Wet Killers» жеңіске жетті.
Форумның бас демеушісі – Kaspi.kz. Демеушілер мен серіктестер - Казахтелеком, Freedom bank, Tengizchevroil, My Car, Tech culture, Huawei, G42, Halyk Bank, Bigroup, Prime source, Glovo, SF, Leica, BI Group, OneWeb, Citix, Global nomads.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін