«Бұл менің басымнан өтіп жатқан оқиға екеніне сене алар емеспін»: Tomorrow School-да білім алушылар кім және олар қандай мақсатты көздейді
Tomorrow School – Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer AI мектебі. Мұнда білім алушылар бағдарламалаудың қыр-сырын меңгеріп, қауымдастықтар құрып, оқу клубтарын ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасады. 2024 жылғы қазан айында есігін айқара ашқан мектеп алты іріктеу кезеңін (бассейн) өткізіп, оған шамамен мыңға жуық адам қатысты. Қазіргі таңда негізгі оқу бағдарламасында 216 студент білім алып жатыр.

Tomorrow School оқу процесі Astana Hub базасында офлайн түрде өтеді. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді: әр студент өзіне ыңғайлы уақытта, өз қарқынымен білім алады. 18 ай ішінде олар 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, Python, JavaScript, Golang, Rust секілді 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгере алады. Бағдарлама соңында әр студент өз бағытын таңдайды, олар AI-инженер, ойын жасаушы, DevOps-инженер немесе киберқауіпсіздік маманы атанады.
Сегіз айдың ішінде Tomorrow School-да мықты қауымдастық қалыптасты. Бұл жерде студенттер тек өз білімін жетілдірумен ғана шектелмейді. Атап айтқанда, бірі ағылшын тілін үйретсе, енді бірі көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне немесе AI құралдарын бизнес саласында қолдануға баулиды. Білім алушылардың жас айырмашылығы, мамандықтары мен тәжірибесі әралуан. Десе де, барлығын бір арнаға тоғыстыратын ортақ мақсат бар. Ол – IT саласында өз орнын тауып, жаңа дағдыны игеру. Бұл жолда жасаған алғашқы қадамдар мен жетістіктер шабыт сыйлайды.
Мектептегі ең жас студенттердің бірі – Станислав Кулешов. Ол небәрі 18 жаста. Станислав Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде білім алады. Tomorrow School-ға келгенге дейін оның бағдарламалау бойынша тәжірибесі болмаған. Алайда негізгі дағдыларды меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана бастады. Мәселен, Астанадағы кофеханалардың біріне онлайн тапсырыс жасауға арналған Telegram Mini App қосымшасын жасап берді. Сонымен қатар еуропалық компаниядан алғашқы тапсырысын да алды. «Ең бастысы – ықылас пен табандылық. Қазіргі таңда жүріп өткен жолыма көз жүгіртсем, бұл менің басымнан өтіп жатқан оқиға екеніне сене алар емеспін», – дейді Станислав.
Ал келесі кейіпкеріміз Азамат Жеңісовтің IT саласында аз да болса тәжірибесі болған. 20 жастағы Азамат Жеңісов – AITU-дың үшінші курс студенті. Ол «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша оқиды. Бұрын-соңды басқа да IT мектептерде білім алса да, әртүрлі себептерге байланысты оқуды соңына дейін жеткізбеген екен. Ал Tomorrow School-ға келгенде бірден қолдау мен шынайы қызығушылықты сезінгенін айтады. Нәтижесінде, ол Beginner English Club ашып, бүгінде басқа студенттерге ағылшын тілін үйренуге көмектесіп жүр. Сондай-ақ ірі компанияда тәжірибеден де өтті. «Мен күн сайын өзімді 1 пайызға болсын жақсартуға тырысамын. Осы мақсатты басшылыққа алып, білім алуға келдім», – дейді Азамат.
Кейбір адамдардың Tomorrow School-дағы жолы IT саласына деген қызығушылықтан емес, өзін-өзі тану мен өмірдің мәнін іздеу ниетінен бастау алған. Мәселен, Әмір Жақышев мамандығы бойынша – экономист. Ол 10 жылдан астам уақыт дәстүрлі бизнесті дөңгелеткен, яғни IT саласына бойламаған. «Бағдарламалау өнері – тек ерекше дарыны бар адамдарға тән дүние деп ойлайтынмын. Бірақ peer-to-peer форматындағы француз мектебінің түлегімен танысқан соң, бұл көзқарасым түбегейлі өзгерді. Қазақстанда да дәл осындай мектептің пайда болғанын естігенде қуандым. Tomorrow School – AI мен IT саласында дамуды қалайтындар үшін үлкен мүмкіндік. Егер жаңа мамандықты тез игеріп алғыңыз келсе, осында келіңіз», – дейді 36 жасар Әмір Жақышев. Бүгінде ол Public Speaking Club-ты жүргізеді және Astana Hub-тың AI’preneurs акселерациялық бағдарламасына қатысады.
Ал енді кейбір жандар үшін аталған мектеп тұтас өмір жолын қайта бастауға жол ашқан. Техникалық білімі жоқ, 30 жастағы Мереке Құрмашев бұған дейін сыртқы көрнекі жарнама саласында жұмыс істеген. 2024 жылдың қарашасында ол өз өмірін түбегейлі өзгертемін деп шешім қабылдап, Tomorrow School-ға оқуға түседі. Бірнеше айдың ішінде Мереке нейрожелілерді қолданып, бизнес процестерді автоматтандырумен айналысатын жеке кәсіп ашты. Оның алғашқы клиенттерінің қатарында еліміздегі ең ірі фитнес компаниялардың бірі бар.
Мерекенің айтуынша, Tomorrow School шын мәнінде адам өмірін өзгертеді: бұл жерде адам қолдау көрсетіп, шабыттандыратын орта таба алады. Оның пікірінше, дәл осындай орта – жаңа дағдыны тез үйреніп, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік беретін ең маңызды фактор. Қазіргі таңда ол AI Tools клубын басқарады және студенттерге нейрожелілерді әртүрлі салаларда қалай тиімді қолдануға болатынын үйретіп жүр.
Әр студенттің жолы – өз алдына бір оқиға. Алайда олардың бәрін біріктіретін орта бар: Tomorrow School – нағыз таланттардың жолын ашатын, тағдырларды өзгеретін және нағыз өмірлік трансформация басталатын жер.
Бүгінде мектеп жанында AI Tools Club, Kazakh Club, Freelance Club, Beginner English, Public Speaking, Startup Club, LeetCode Club, Debate Club, Soft Skills Club, Cash Skills, Board Games Club, Music Jam Club және Movie Club сияқты 13 студенттік клуб жұмыс істейді. Бұл клубтардың барлығы студенттердің бастамасымен құрылған. Клуб қатысушылары сабақтар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып, көшбасшылық дағдыларын дамытады.
«Tomorrow School-де қалыптасқан орта мектеп қабырғасынан тыс жерлерде де белсенділік танытып жүр. Студенттер футбол және шахмат турнирлерін ұйымдастырады, табиғат аясында тимбилдингтер өткізеді. Astana Hub-тың Startup Garage, AI’preneurs сияқты бағдарламаларына және Decentrathon хакатонына қатысады. Ең белсенді студенттерге жеке локерлер беріледі. Ал ерекше көзге түскендер Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевпен жеке кездесуге шақырылып, Қазақстандағы IT саласы мен стартаптарды қолдау бағдарламаларын бірге талқылады», – дейді Аружан Таубаева, Tomorrow School-дың комьюнити-менеджері.
Білім беру алаңы одан әрі дамып, IT саласында білімін жетілдіруге ниет білдірген жандар үшін әрдайым ашық. Қазір Tomorrow School-дың 7-легіне өтінім қабылдау жүріп жатыр. Оқуға тіркелу 2025 жылғы 18 шілдеге дейін https://tomorrow-school.ai/ платформасында қолжетімді болады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін