Beginit қорытындысы: Қазақстандық жеткіншектер арасында әлеуметтік көшбасшыларды қалыптастыру

Астанада Қазақстан өңірлері оқушылары арасында әлеуметтік көшбасшыларды тәрбиелеуді көздейтін Beginit халықаралық әлеуметтік жобасының финалы өтті. Бағдарлама лидерлік әлеуеті бар жасөспірімдерді анықтап, оларды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға баулиды. Нәтижесінде, балалар туған өлкелерінің мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды әзірлеп, оны жүзеге асыруға кіріседі.


Жоба осы жолы 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың маусым аралығында өтіп, бірнеше іріктеу және оқыту кезеңдерін қамтыды. Іріктеуге 800-ден астам өтінім келіп түсті, оның 500-і алғашқы кезеңнен өтсе, 200-і ғана білім беру платформасына қол жеткізді. Жартылай финалға 50 бала жолдама алып, Алматы тау бөктерінде орналасқан лагерде тренингтерге қатысты. Финалға өткен 37 оқушы арасынан 7 жеңімпаз анықталды, олар  шетелде білім алу сапарына, ҰБТ-ға дайындық гранттары мен компьютер алу сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар 18 қатысушы inDrive компаниясының inVision U инновациялық университеті грантын жеңіп алды. Мұнда стипендия мен Алматыда тұру мүмкіндігі толығымен қамтылған.

«Мен өз үйім мен мектепке дейін жүретін жолымды зерттедім. Осы бағытты қалай жақсартуға болатыны туралы жоба құрып, мектеп әкімшілігіне таныстырдым. Журналистер жобам туралы сұрастырып, сұхбат беруімді өтінгенде қатты таңдандым. Ауылыма пайдалы дүние жасау қаншалықты маңызды екенін сезініп, күш-жігерімнің нәтиже беретінін көрдім», - деді Таңнұр Еркінқызы, ШҚО Мамай батыр ауылынан келген Beginit 1-дәрежелі диплом жеңімпазы және иегері.

Фестиваль аясында «Бей-жай қарамайтын азамат пен әлеуметтік көшбасшыны қалай тәрбиелеу керек» тақырыбында панельдік сессия отырысы өтті. Талқылауға inDrive негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова, кәсіпкер Айдын Рахымбаев пен  Beginit бағдарламасы финалистері қатысты. Спикерлер Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінде әлеуметтік көшбасшы атты қосымша оқу бағдарламаларын дамытуды көздейтін бірлескен жұмысты талқылады. Бұл көптеген оқушыны қамтып, олардың табысты болашағына қажет дағдыларды шыңдауға мүмкіндік береді.

 «Әлеуметтік көшбасшылар – көптеген адамның өміріне әсер етіп, оны жақсарта алатын қабілеті бар жандар. Бұл үшін әлеуметтің мойындауы мен дағдылар қажет. Қазақстандық оқушыларды осы бағытта оқытуға ниеттіміз. Мен позитивті көшбасшылық күшіне және қазақстандық жастарға жүз пайыз сенемін», - деді Арсен Томский, inDrive бас директоры.

Beginit бағдарламасы шеңберінде Astana Hub өңірлік IT-хабтары оқушыларға сабаққа қатысу және курстарды тереңнірек оқу мүмкіндігін ұсынып, жобаға қызығушылық танытатын жастар үшін белсенді алаң мен оқыту орталығына айналды.

 «2016-2017 жылдары Astana Hub тұжырымдамасы мен идеясын қорғау барысында болашақ кейстер туралы әңгімеледік. Өз алаңымызда және экожүйемізде әлем бойынша қызмет етіп, үздіксіз дамитын, жұмыс орындарын ашып, елімізде ғаламдық деңгейдегі мамандарды даярлайтын және көптеген әлеуметтік бастаманы жүзеге асыратын юникорндар мен халықаралық компаниялар пайда болады деп жоспарладық. Мұның бәрі осы уақытта жүзеге асырылып жатқанын көргеніме қуаныштымын», - деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

 Естеріңізге салсақ, жобаны inDrive компаниясы Astana Hub халықаралық технопаркі және iQanat қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Компания мақсаты – білім беру, спорт, стартаптар және өнер саласындағы бірқатар коммерциялық емес бастаманы жүзеге асыру арқылы 2030 жылға қарай бүкіл әлем бойынша 1 миллиард адамға оң ықпал ету.

Пікірлер 4

Кіру пікір қалдыру үшін

Супер 🔥🔥🔥

Жауап беру

Керемет бастама!

Жауап беру

только вперед! Это очень классно и здорово

Жауап беру

Здорово

Жауап беру