Орталық Азиядағы ІТ-стартаптар байқауында қазақстандықтар үздік шықты

Бішкекте өткен Central Asian Tech Awards 2023 байқауының жеңімпаздары анықталып, жеті номинацияның үшеуі бойынша қазақстандықтар үздік атанды. Олар бас жүлде – АҚШ-тағы Кремний алқабына жолдамаға ие болды.


Орталық Азия технологиялық форумы аясында өткен бұл байқауға барлығы 114 өтінім түскен, соның ішінде 39-ы Қазақстаннан. Айта кетсек, байқауда жеңіске жеткен қазақстандық стартаптар - Astana Hub мүшелері.

Networks Energy теміржол көлігін өңдеу және теміржол саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған IT-платформа жасау арқылы күллі аймақтың технологиялық секторына айтарлықтай әсер еткені үшін «Орталық Азиядағы жыл серпіні» атағына ие болды. Осы компанияның арқасында Қазақстан Республикасы темір жол тасымалы процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін бірегей өнімге қол жеткізіп, IBM немесе SAP технологиялық алпауыттарының лицензиясы мен шешімдерісіз жұмыс істеу мүмкіндігін алды.

«Орталық Азия аймағындағы барлық IT-технопарктың көңілінен шығу - біз үшін үлкен мәртебе. Бұл марапатты алу біздің компанияның Қазақстанды аймақтағы көліктік және цифрлық хабқа айналдырудағы үздіксіз күш-жігерінің маңыздылығын көрсетеді. Біздің команда өңірдегі логистикалық салада озық технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша өз миссиясын жалғастырады», - деді Networks Energy бас директоры Бақыт Ержанов.

Қазақстандық әзірлеуші, өнертапқыш және педагог Рүстем Ермеков «Орталық Азиядағы жылдың IT педагогы» номинациясында үздік деп танылды. 2021 жылы ол Forbes 30-ға дейінгі 30 тізіміне енді, сонымен қатар QBIT – робототехникаға арналған қазақстандық жинақты жасағаны үшін Saby қорының грантын жеңіп алды.

«Білім саласында жүргеніме 6 жылдай болды. Менің жұмысым таза энтузиазмға негізделген, себебі дұрыс білім беру және сыни тұрғыдан ойлауды дамыту арқылы әлемдегі қордаланған мәселелерді шешуге болатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта біз әртүрлі білім беру шешімдерін әзірлеудеміз. Негізгі өнімдеріміздің бірі - QBit, балаларға STEM инженериясын, робототехниканы және бағдарламалауды үйретуге арналған жинақ. Жақында micro:lab шағын цифрлық зертханамызды да іске қосамыз», - деп жоспарымен бөлісті Рүстем Ермеков.

Қазақстанның атынан қатысқан тағы бір жоба - Red_mad_robot central asia «Ең жылдам дамып келе жатқан IT-компания – Экспорт – шетелде АКТ қызметтерінің аутсорсингі» номинациясында жеңіске жетті. Компания шағын және орта бизнеске (ШОБ) бизнес бағыттары бар әмбебап банктер үшін қаржылық және қаржылық емес қызметтерге арналған цифрлық платформалар әзірлейді.

Central Asian Tech Awards 2023 байқауына Қырғызстанның Жоғары технологиялық паркі, Astana Hub, IT Park Uzbekistan жетекшілері және Орталық Азияның IT-индустриясының басқа да сарапшылар қазылық етті.

Бішкекте Central Asian Tech Awards 2023 байқауы өткен Орталық Азия технологиялық форумы Орталық Азия, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген 50-ден астам IT-компания мен 600 қатысушының басын қосты.

Бұл форумды Қырғызстанның KARPOU және ЖТП, Astana Hub және IT Park Uzbekistan біріге ұйымдастырып, АҚШ-тың Қырғыз Республикасындағы елшілігі, ЕҚДБ және ҚР Президент Іс басқармасы қолдау көрсетті. Орталық Азия технологиялық форумы туралы толығырақ ақпаратты astanahub.com платформасынан табуға болады.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін