Аруларға арналған қазақстандық стартаптар: сізге қамқор болатын технологиялар!

Astana Hub резиденттері әйелдердің қауіпсіздігін арттыруға, олардың физикалық және жан саулығын қолдауға, өзін-өзі күтуге, сондай-ақ бала тәрбиесі мен білім алуына көмектесуге бағытталған инновациялық цифрлық шешімдерді ұсынады. Бұл стартаптар күнделікті өмірді жеңілдетіп, арулардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз етуге үлес қосады.


Осындай жобалардың бірі – AMAN Online мобильді қосымшасы, ол әйелдерді төтенше жағдайларда, мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, шабуыл немесе тонау кезінде қорғау мақсатында әзірленді. Қауіп төнген жағдайда SOS батырмасын басу жеткілікті – қосымша автоматты түрде лицензияланған күзет агенттіктерімен байланысып, оқиғаны құжаттау үшін аудио және видео таспалауды бастайды. Бұл сервис қылмыстың алдын алуға және төнген қатерге жедел әрекет етуге көмектеседі.

Әйелдердің денсаулығы мен әл-ауқатына қамқорлық жасау – қазақстандық стартаптардың тағы бір маңызды бағыты. Supermoms Club – жүкті және жас аналарға арналған цифрлық көмекші. Ол жеке ұсыныстар, дәрігерлердің онлайн-кеңестері, психологиялық қолдау мен жүктілікті бақылауға арналған құралдар ұсынады. Бүгінде 170 000-нан астам қолданушы бұл қызметтің артықшылықтарын бағалап үлгерді. Платформа дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне және нәресте өлімін азайтуға септігін тигізеді.

Әйелдер күн сайын кәсіби міндеттерден бастап отбасы шаруасына дейінгі сан алуан қиындықтарға тап болып, күйзеліске ұшырап жатады. Мұндай сәттерде кәсіби психологиялық көмек маңызды рөл атқарады. Sezim психологиялық қолдауға оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформада онлайн-кеңестер, маман таңдау мен дағдарыстық жағдайларда қолдау көрсету қызметтері қарастырылған. Сервис кез келген ыңғайлы форматта психикалық әл-ауқатқа қамқорлық жасауға ықпал етеді.

Жұмыс, отбасы мен жеке қызығушылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау, әсіресе, бірнеше рөлді қатар атқаратын әйелдерге үлкен мәселе. Naimi.kz тұрмыстық қызметтерді оңтайландырып, клинерлер, шеберлер, күтушілер мен репетиторларды табуға көмектеседі. Қолайлы іздеу жүйесі, пікір қалдыру және онлайн төлем мүмкіндігі сенімді мамандарды тез табуға мүмкіндік беріп, әйелдер өздеріне және отбасына көбірек уақыт бөле алады.

Сұлулық пен өзін-өзі күту де цифрлық платформалардың көмегімен қолжетімді бола түсті. Zapis онлайн-сервисі әйелдерге сұлулық салондарына және медициналық орталықтарға жазылуды жеңілдетеді. Қызмет рейтингтері мен пікірлер жүйесінің арқасында пайдаланушылар ең үздік мамандарды таңдай алады. Платформа Қазақстанның 27 қаласындағы 1000-нан астам салон мен 3500 маманды біріктіріп, сапалы қызметтерді қиындықсыз пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстандық стартаптар ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға да қолдау көрсетеді. Autism Spectrum қосымшасы ата-аналарға аутизм спектрінің ауытқуларын ерте анықтап, балаға бейімделуге көмектесетін пайдалы құралдар мен ұсыныстар береді. Ал Ozim Platform аналарға балалардың даму ерекшеліктерін түсініп, оларды оқыту мен әлеуметтендірудің тиімді әдістерін табуға жәрдемдеседі. Бұл стартап – БҰҰ-ның Digital Public Goods халықаралық мәртебесіне ие цифрлық шешім.

Физикалық белсенділік те аса маңызды. Қазақстандық стартаптар бұл бағытта да ыңғайлы әрі қолжетімді шешімдер ұсынады. 1Fit бірыңғай абонементі арқылы спорт залдары мен студияларға бір клубқа тәуелді болмай-ақ баруға болады, бұл әйелдерге жаттығу кестесін икемді құруға мүмкіндік береді. Ал Hero’s Journey фитнесті қызықты ойын процесіне айналдырып, ынтаны сақтауға көмектеседі. Бұл сервистер дене шынықтыруды күнделікті өмірге оңай енгізіп, денсаулыққа қамқор болуға жағдай жасайды.

Бұл жобалар технологиялардың әйелдер өмірін ыңғайлы, қауіпсіз әрі жайлы ете алатынын айшықтайды. Сонымен қатар Қазақстанда IT-компанияларды басқаратын қыз-келіншек саны артып келеді. Бұл әйелдердің жоғары технологиялар саласында өз орнын тауып қана қоймай, табысты инновациялық компанияларды құрып, көшбасшыға айналып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл жөнінде толығырақ Astana Hub платформасынан оқи аласыз.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін

әйелзатына деген қамқорлық ЖИ арқылы қарқынды дамып келе жатыр екен. Тамаша!

Жауап беру

💐с праздником 8

Жауап беру