Қазақстандық Clockster стартабы $750 мың көлемінде инвестиция тартты Astana Hub резиденті Оңтүстік-Шығыс Азия мен ТМД елдерінде өнімін масштабтауға қаражат бөледі

Қазақстандық Clockster стартабы сингапурлық Quest Ventures қорынан 750 000 АҚШ доллары сомасында инвестиция тартты.


"QazTech Ventures" АҚ және Pavilion Capital – Temasek Holdings еншілес компаниясы, ресейлік HR & ED-Tech Accelerator және Талгат Исмаил есімді инвестор қордың зәкірлі инвесторлары ретінде алға шықты.

Clockster жобасы микро, шағын және орта бизнеске арналған қарапайым және ыңғайлы болып табылатын персоналды басқару құралын ұсынады. Жүйе компанияларға жалақы есебін, жұмыс уақытын есепке алу табельдерін автоматтандыруға, қызметкерлер кестесін жеңілдетілген түрде басқаруға, географиялық орналасуы мен уақыт белдеулеріне тәуелсіз қызметкерлер мен олардың жұмыс берушілері арасындағы өзара іс-қимылды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

ММСБ өкілдері арасында Clockster-ді қолдану нәтижесінде тиімсіз артық төлемдер төмендейді және жоғалған пайданы 15%-ға дейін қайтаруға мүмкіндік болады, ал қызметкерлердің жалпы еңбек өнімділігі 20%-ға артады. Clockster арқылы жұмыс тәртібі нығаяды, HR менеджерлерінің кестені басқаруға кететін уақыты қысқарады және компаниялар ішіндегі құжаттама мен коммуникациялар ретке келеді. Қазіргі уақытта стартаптың 160-қа жуық клиенттері бар, олардың 85%-ы Қазақстан аумағынан болса, қалғандары Ресей, Украина, Өзбекстан, Филиппин және Сингапур елдерінен.

"QazTech Ventures арқасында біз өз жобамызды Quest Ventures Asia Fund II сарапшыларына, сондай-ақ HR & ED-Tech акселераторына ұсынып, 750 000 АҚШ доллары көлемінде венчурлық инвестициялар тарта алдық. Инвестицияны Оңтүстік-Шығыс Азия мен ТМД елдеріне одан әрі кеңейтіп, жаңа қызметкерлер тартуға және маркетингке бағыттауды жоспарлап отырмыз. Мұндай қолдау шаралары отандық стартаптарға, әсіресе, пандемия кезіндегі қиын-қыстау кезеңде жаһандық нарықтарға шығу үшін қажет деп санаймын", – деп атап өтті Clockster стартапының негізін қалаушы Ержан Рысқалиев.

QazTech Ventures хабарлағандай, Сингапурлық Quest Ventures қорымен ынтымақтастық шарты капиталы 50 млн АҚШ долларын құрайтын ортақ қор құру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін 2020 жылы наурыз айында ғана басталды. Келісім шарттарына сәйкес, QazTech Ventures қоры алдағы бес жылда Қазақстан мен Орталық Азияның перспективалы стартап-жобаларын қарастыра отырып, қаржыландыратын болады.

Clockster жобасы үшін бұл екінші инвестициялық айналым болып табылады. 2018 жылдың күзінде жобаға қазақстандық ABC-I2BF Seed Fund венчурлық қоры және Paladigm Capital Сингапур қорының негізін қалаушысы және директоры, бизнес-періште Олжас Жиенқұловтан 340,000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

"Clockster жобасы — Astana Hub резиденті, мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің нәтижелі ынтымақтастығының айқын мысалы. Бұл АҚ "QazTech Ventures" сингапурлық серіктестерімен бірлесіп құрылған қор қызметі аясындағы алғашқы ірі мәміле болып табылады. Мұның өзі өз кезегінде бәсекеге қабілетті стартап қауымдастығын құруға мүмкіндік беріп, венчурлық индустриямен толыққанды экожүйені құруға серпін береді деп үміттенемін. Біздің қолдауымыз және шетелдік нарықтармен серіктестік шекараларды кеңейтуге белсенді қатысуымыз болашақта осындай жобаларды ауқымды етуге мүмкіндік береді. Команда Оңтүстік-шығыс базарына дейін жетеді, олардың алатын асулары әлі де алда!", — деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрі Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Clockster жобасы Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысушысы болып табылады. Технопарктің барлық қатысушылары салық жеңілдіктеріне ие болады. Преференциялар қатысушыларды КТС, ҚҚС, тауарлар импортына ҚҚС, роялти салығы, ЖТС және резидент еместер үшін әлеуметтік салық сияқты салықтарды төлеуден босатады. Мемлекеттік қолдаудың мұндай шаралары IT-компанияларға үнемделген қаражатты өз жобаларын дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін