TikTok және Instagram-ды жаулаған. Алматылық бойжеткен блогерлерге видеолары арқылы көп ақша табуға көмектесетін стартап ойлап тапты
Әйгерім Бейсенбина блогерлікті берлиндік стартапта жұмыс істеген уақытта бастады. Онда ол брендтік кампаниялар бойынша инфлюенсерлермен байланыс орнататын аккаунт-менеджер қызметін атқарады. Қосымша өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына видео жасап жариялап жүреді. Бірақ әлеуметтік желі мен қаралымдар арқылы ол табыс таппады.
«Сөйтіп, блогерлерге брендтермен келісімшарт жасауға және өзі түсірген видеодан ақша табуға көмектесетін стартап жасау идеясы келді», – дейді бойжеткен. Әйгерім елге оралып, криэйторлардың көмегімен әлеуметтік желілерде жарнамалық науқандар үшін вирустық челлендждер құруға арналған Behype қосымшасын іске қосады. Digital Business және Astana Hub-тың бірлескен «Қазақстан тарихындағы 100 стартап» жобасына берген сұхбатында Әйгерім үлкен аудиториясы бар блогерлерді жобаға қалай тартқанын, Jusan Bank, KFC және өзге де брендтермен тез серіктестік орнатуға не көмектескенін, сондай-ақ стартаптың 3 жылы ішінде неге ешбір инвестиция тартпағаны жайында айтты.
Digital Business редакциясы Astana Hub-пен бірлесіп «Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасын іске қосты. Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер мен Astana Hub бағдарламаларына қатысушы шетелдіктердің теңдессіз өнімдері мен сервистері жайлы жарқын оқиғалар. Біз аталған стартаптардың бірі міндетті түрде «теңдессіз жобаға» айналып, Қазақстанды әлемдік IT-нарықта танымал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ, түрлі кәсіпкер жігіттердің бір жерде жиналған тәжірибесі аудиторияны жаңа, батыл және креативті стартаптарға шабыттандырады деген үміттеміз.
Жоба үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады және біздің кейіпкерлеріміз үшін толығымен тегін болады. Егер сіз де жобаның бір бөлігі болғыңыз келсе – бізге жазыңыз editor@digitalbusiness.kz
«Ақшамыз таусылғанда,күйеуім көлігін сатты»
– Стартапты не себепті Германияда емес, Қазақстанда іске қосамыз деп шештіңіз?
– Бірнеше себептері бар. Біріншіден, біздің елде қабілетін ашуы үшін қолдауды қажет ететін көптеген талантты жастар бар. Екіншіден, Еуропаның түрлі елдерінде осындай өнімдер бар және олар сәтті жұмыс істейді.
Үшіншіден, мұнда стартапты іске қосу әлдеқайда арзан. Менің қаржылық мүмкіндіктерім шектеулі болғандықтан, Қазақстан бастапқы алаң ретінде өте қолайлы болды.
– Behype құру үшін қанша ақша қажет болды?
– Жалпы алғанда, $120 мыңға жуық қаражат салынды. Бірақ осы тұста сәл артқа шегініс жасаған жөн. Шамамен 2 жыл бойы біз дұрыс емес бағытта жүрдік. Менің ОТ-да тәжірибем болмағандықтан, алғашқыда көптеген қателіктер жібердік.
Ең бастысы – блогерлер мен брендтерді қанағаттандыратын тамаша өнімді бірден жасауға тырыстық. Айналамдағылар «көп басыңды қатырма» десе де, ұзақ уақыт бойы әртүрлі ойындарды, жазылымдардың бірнеше түрін енгізумен айналыстық.
Кеңестер маған жұмыстың үшінші жылында ғана жетті. Біз үнемі бірдеңе істеп жатқанымызды түсіндік, бірақ нәтиже жоқ. 3 ай бойы қай бағытта жылжу қажеттігін анықтау үшін команданы тараттым. Біз блогерлер үшін минималды және қарапайым функционал жасап, іске қосуды шештік.
– Біреу қаржылай көмектесті ме, әлде бәрін жеке қаражатыңызға жасадыңыз ба?
– Мені ата-анам қолдады. Олар менің не істеп жатқанымды онша түсінбеді. Алайда, қиындықтар туындаған кезде де, анам мен әкем стартаптан бас тартуға көндіруге тырыспады. Керісінше барлық жағынан көмектесті. Әкем Behype-тің бизнес- періштесі болды деп айтсам болады. Ол жиған қаржысын салып, жеке кәсіпкерлігіне несие алды, моральдық тұрғыдан жігерлендірді. Әкем мен үшін әрқашан дұрыс құндылықтары бар бизнестегі адам ретінде үлгі еді.
Отбасылық ақшамыз таусылып, қосымшаны әлі де біраз өзгерту керек болғанда, күйеуім көлігін сатты. Мұндай ұсынысты өзі жасады, себебі, мен үшін жобаның қаншалықты маңызды екенін көрді.
– Нәтижесінде қандай өнім пайда болды?
– Қысқаша айтар болсам, криэйторлар арқылы брендтерге әлеуметтік медиа, оның ішінде TikTok және Instagram-дағы жарнама жүргізуге көмектесетін қосымша. Компания белгілі бір өнімді алға жылжытуы керек делік, біз белгілі бір тақырып бойынша ерекше форматта видео жасау керек деген тапсырманы қосымшаға орналастырамыз. Егер блогер қызығушылық танытса, ол челленджге қатысып, қаралымдардан ақша таба бастайды. Бірнеше күн ішінде бірдей хэштегтері бар көптеген бейнелер жарияланған кезде, TikTok және Instagram алгоритмдері тақырыпты вирустық деп санап, трендке шығарады.
Мақсатты аудиторияға органикалық қолжетімділік пайда болады, өйткені әлеуметтік желілер әдетте пайдаланушының қалауына қарай мазмұн ұсынады.
Біз сондай-ақ брендтерге аналитиканы ұсына аламыз. Бізде TikTok және Instagram-мен техникалық интеграция бар. Блогерлер қосымшаға бейне сілтемесін енгізеді, соның арқасында лүпілдер, қаралым, пікірлер саны көрінеді. Сондай-ақ, көру географиясы, жасы, жынысы туралы ақпарат та бар. Яғни, ең шынайы деректер.
«Өзімізге челлендж жасағанда 16 мың жүктеу мен 600 жаңа криэйторға ие болдық»
– Қосымшаны іске қосқаннан кейін сіз криэйторлар тобын құра бастадыңыз ба, оларды қайдан іздедіңіздер?
– Бірнеше жолы болды. Алдымен мен керемет бейне жазып, оны TikTok-қа тастадым, бірақ ол вирусқа айналмады. Содан кейін блогерлер конференциясына барамын деп шештім. Онда блогерлермен танысып, қосымшаға тіркелуді ұсындым. Алайда, олар айтарлықтай конверсия алған жоқ.
Мен басқаша әрекет етуге шешім қабылдадым. Қазақстандық блогерлердің тізімін жасап, барлығына жаза бастадым. 100 адамның 10-ы маған бір күнде жауап берді. Оларға қоңырау шалып, не істейтінімізді айттым. Бір ай ішінде 50 криэйторды тарту мүмкін болды.
– Қалай қызықтырдыңыз?
– Шын мәнінде, уәделермен. Олардың бренд үшін түсірілген видеолар арқылы ақша таба алатындарына маңыздылық бердім. Сонымен қатар, олар қосымша аудитория мен қаралымдарға ие болады, өйткені бірге челлендж жасау арқылы TikTok пен Instagram алгоритмдерін бұзады. Тек біраз күту керек.
Бұл сенім секірісі үшін жігіттерге өте ризамын. Сонымен қатар, бізге қаралымы аз блогерлер де, бірнеше ондаған, кейде жүздеген мың тіркелушілері бар блогерлер қолдау білдірді.
– Әрі қарай брендтерге бардыңыздар ма?
– Behype-те шамамен 70 криэйтор тіркелген кезде, мен брендтермен байланыс орнатудың уақыты келгенін түсіндім. Қазақстанда ұзақ уақыт тұрмағанымның әсерінен көп адамды танымайтыным жағдайды күрделендірді. Әртүрлі компаниялардың маркетиң жөніндегі директорларына жазған хаттарыма ешкім жауап бермеді. Мен түрлі іс-шараларға барып, сол жерде қажетті адамдармен танысу керек деп шештім.
Өткен жылдың қыркүйек айында Астанадағы Digital Bridge шарасына қатыстым. Ол жерде Jusan Bank-тің маркетиң жөніндегі директоры TikTok-та брендтерді жылжыту бойынша панельдік сессияда сөз сөйледі. Басында ол кісіге жақындаудан қатты қорықтым, бірақ соңында қорқынышымды жеңіп, кездесуге келістім. Олардың акцияларының бірін мобильді қосымшада насихаттауды ұсындым. Бәрі керемет өтті. Бірнеше күн ішінде 1 миллионнан астам қаралымды қамти алдық.
Содан кейін өзімізге челлендж жасадық. Жігіттер біздің арқамызда қанша ақша тапқандарын айтты. Видеолардың вирусқа айналғаны соншалық, біз 16 мың жүктеу мен 600 жаңа криэйторды иелендік. Қазір бізде 2 мыңнан астам криэйтор бар, олардың 800-ге жуығының 50 мыңнан 6 миллионға дейін аудиториялары бар. Қалғандарында аз.
– Осындай сәттіліктен кейін ірі компаниялармен байланысу оңайырақ болды деп ойлаймын?
– Ондай оңай демес ем. Брендтер үшін біз әлі де түсініксіздеу болдық. Алайда жолымыз болып, командамыздың бір мүшесі KFC менеджментімен байланыста болып шықты. Ол бізге кездесу ұйымдастырды. Бір апта ішінде серіктестік туралы келісіп, челленджді бастадық.
Бізде 2 керемет кейс пайда болғаннан кейін, брендтер бізге қызығушылық танытып сөйлесе бастады. (Forte Bank және Bank RBK) сынды банктер, FMCG-компаниялар келе бастады. Бүгінгі таңда 15 халықаралық компания және локалды брендтермен жұмыс істейміз.
«Кей қыз-жігіттер айына 400 мыңнан 600 мың теңгеге дейін табыс табады»
– Сіздер мұндай қызметтерді ұсына алатын жарнама агенттіктерінен несімен ерекшеленесіздер?
– Біздің басты ерекшелігіміз KPI-қаралымдар. Мұнда бәрі бюджетке байланысты, бірақ біз әдетте кем дегенде 1 миллионға кепілдік береміз. Мысалы, 4 миллион қаралымға міндеттеме алған Dirol-мен болған челлендж 4 күн ішінде 14 миллион жинады. Бұл органикалық қамту, өйткені біздің бейнелеріміздің 95% пайдаланушыларға ұсыныс ретінде шығып тұрады.
Біз сондай-ақ жеделміз. Бірнеше күн ішінде брендпен идея ойлап тауып, оны блогерлерге лақтырып, челлендж бастай аламыз. Криэйторлар видеоны мүмкіндігінше тез жазып, оны TikTok пен Instagram-ға тастауға мүдделі. Бұл жағдайда олар көбірек ақша таба алады, өйткені біз оларға қаралым үшін төлейміз.
– Челлендж механикасы қалай көрінеді?
– Жаңа челленджді бастаған кезде блогерлерге хабарлама келеді. Онда не істеу керектігі және шарттары қандай екені көрсетілген. Бюджетке байланысты қанша криэйтор қажет екенін және KPI орындау үшін қанша қаралым қажеттігін есептейтін математикалық алгоритм әзірледік. Ол сондай-ақ қаралым бағасын белгілейді.
– Криэйторлар Behype арқылы қанша ақша табады?
– Белсенділікке байланысты. Бізде бір челленджде адам 125 мың теңге тапқан жағдай болды. Кейбіреулері айына 400-ден 600 мың теңгеге дейін табыс табады. Олардың арасында Ақтау, Ақтөбе, Семей және т. б. өңірлерден келген блогерлер бар.
– Ал сіз қалай ақша табасыз?
– Жарнамалық бюджеттен белгілі бір пайыз аламыз. Алайда мен нақты айта алмаймын. Мен бір нәрсені айтайын, біз 10 адамнан тұратын команданың шығындарын жабу үшін ақша таба аламыз.
«Алғашқыда Қазақстанда ғана жұмыс істеп, ақша тартқанда жақсы баға күтудің қажеті жоқ»
– Сұхбат басында сіз Қазақстанды бастапқы алаң ретінде қарастырып жатқаныңызды айттыңыз. Бұдан әрі қайда бармақшысыздар?
– MENA аймағы қызықты. Мен жақында Дубайға маркетингтік конференцияға қатысқанымда жергілікті жарнама саласының өкілдерімен сөйлесу мүмкіндігі туды. кездесуден кейін оларға біздің өнім қызық деген сенім пайда болды.
Енді біз қандай бизнес-модельде жұмыс істей алатынымызды ойлап жатырмыз. Онда бәрі Қазақстандағыдан өзгеше. Блогерлер көп ақшаға үйренген, мұның салдары келіссөздер жүргізуді қиындатады. Жарнамалық науқандардың баға саясаты мүлдем басқа. Барлығы бірнеше есе қымбат. Бірақ біз бұл нарықты бұзамыз деп үміттенемін.
– MENA-ға шығу арзан ләззат емес. Инвестиция тартқыңыз келе ме?
– Менің ойымша, біз онда өз күшімізбен кіре аламыз. Ең бастысы, Қазақстандағыдай бірнеше сәтті кейстерге қолжеткізсек, ары қарай «сарафан радиосы» бәрін жасайды.
Қазірдің өзінде Аzadea компаниясының өкілдерімен сөйлестік-бұл араб елдеріндегі 50-ден астам халықаралық бөлшек сауда брендтерінің (мысалы, Zara және Adidas) иесі. Олардың қызығушылықтары бар. Сонымен қатар, олар басқа MENA елдеріне – Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы және т.б. челлендждерді іске қосқылары келеді. Сондықтан бірнеше гипотезаны тестілеуге дайындалып жатырмыз.
– Неліктен раундты көтергілеріңіз келмейді? Онымен жаңа нарыққа шығу оңайырақ болар еді ғой.
– Ол да мүмкін. Алайда мен ол жерге өз күшіммен шыққым келеді. Бір шетінен шыдамдылығымызды тексеріп көреміз.
Сондай-ақ, алғашқы кезде Қазақстанда ғана жұмыс істей отырып, ақша тартып жақсы баға күтудің қажеті жоқ екенін түсінген дұрыс. Егер сіз БАӘ-де минималды трекшенді көрсетсеңіз, онда бұл басқа әңгіме.
Қандай жағдай болмасын инвестициядан бас тартпаймын. Бұл жағдайда сізге не үшін ақша керек екенін, оны қайда салу керектігі туралы нақты түсінік болғаны абзал. Әзірге мен қосымша қаржыландырудың шұғыл қажеттілігін көріп тұрған жоқпын.
Егер біз кенеттен нарықты тез басып алуды шешсек, онда біз инвестиция тарту мәселесімен айналысамыз. Сонымен қатар, мен қорлармен және инвесторлармен үнемі сөйлесіп отырамын.
– Мүмкін халықаралық экспансияны қолжетімді нарықтардан бастау керек шығар? Мысалы, Орталық Азияның басқа елдерінен.
– Мұндай ойлар бар. Алматыдағы кейбір брендтердің өкілдіктері бүкіл аймақ бойынша ілгерілеуге жауапты. Сонымен қатар, бізде Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген криэйторлар бар, олар біз елдеріне кірген кезде қызығушылық танытады.
Алайда, қазіргі уақытта біздің барлық назарымыз MENA-ға бағытталған, мұнда көптеген мүмкіндіктер бар. Иә, ондағы нарық қиынырақ, бірақ көлемді және бай. Сондай-ақ, әзірге біздің салада бәсекелестік жоқ. Бұл жерде бір сәтті жіберіп алмау маңызды.
– Мұндай жағдайда Қазақстандағы жұмыстарыңыз тоқтап қалады деп қорықпайсыз ба?
– Біраз уақыт елден жырақта өмір сүруім қажет екенін түсінемін. MENA-да бизнес әлеуетті серіктестік туралы бетпе-бет сөйлескенді жөн көреді. Бір компанияның өкілдері Zoom-ға қоңырау шалу туралы ұсыныстарымды елемей, Дубайда болғанымда жеке кездесуге еш қиындықсыз келіскен. Сондықтан фокусты сол жерге ауыстыру қажет болады.
Дегенмен, мен өз командама сенімдімін. Мұндағы қызметкерлерім Қазақстандағы міндеттерін кәсіби жүргізіп келе жатқан дербес мамандар. Мысалы, брендтермен байланысты коммерциялық директор орнатады. Сондықтан мен жергілікті нарық үшін алаңдамаймын. Бәрі жақсы болатынына сенімдімін.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін