Мағжан Мәдиев Google саммитінде Орталық Азияны ұсынады
Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев Қазақстандағы IT-хабтың Founding CEO ретінде Google-ден Google for Startups Summit-ке шақыру алды.
Google for Startups Summit – бұл жыл сайын Мадридте өткізілетін IT экожүйелерінің басшыларына арналған Google for Startups акселерация бағдарламасының жабық форумы. Осы жылы форум 28-29 маусымда өтетін болады. Мағжан Мәдиев Орталық Азия мемлекеттерін ұсынып, Astana Hub құру туралы егжей-тегжейлі айтады.
Саммитке қатысу бүкіл әлем бойынша IT-технопарктермен байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Astana Hub-пен жаңа ынтымақтастық үшін серіктестерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл отандық IT-стартаптардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандық нарыққа кіру үшін ірі IT-компаниялардың назарын аударады. Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушылардың Google корпорациясымен ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа идеялар қарастырылатын болады.
Мағжан Мәдиев Instagram-дағы Stories-те Google-ден шақыру туралы жаңалықпен бөлісті. Astana Hub басшысы бұдан алты жыл бұрын бастаушы IT-кәсіпкер ретінде Google-дің негізін қалаушы Сергей Бринмен Кремний алқабында алғаш рет кездескенін айтты.
Осы кездесуден кейін ол IT экожүйесін дамыту идеясынан шабыт алып, өз елінде Кремний алқабының «кішкентай бөлігін» құруға шешім қабылдады. Осылайша Astana Hub құру идеясы пайда болды.
Бүгінгі таңда Astana Hub 744 IT-компанияны біріктіреді, оның 99-ы шетелдік қатысумен құрылған. IT-технопарк IT-кәсіпкерлермен, венчурлық инвесторлармен, IT-компаниялармен, бүкіл әлемнің инновациялар саласындағы сарапшыларымен өзара іс-қимыл жасайды: Сонымен қатар бизнес және оқыту бағдарламалары арқылы стартаптарға кешенді қолдау көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Astana Hub Орталық Азия, Әзірбайжан және Моңғолия IT-стартаптары үшін Google for Startups Silkway Accelerator атты алғашқы бірлескен акселератордың іске қосылғаны туралы хабарландырған болатын.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін