Astana Hub пен Еуропа қайта құру және даму банкі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
2 ақпанда Digital Almaty 2023 цифрлық форумы аясында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі адами капиталды және IT-стартаптар экожүйесін дамыту мақсатында бірқатар меморандумға қол қойды.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстан басшысы Хусейн Озхан мен Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев қол қойған меморандум ЕҚДБ мен Astana Hub арасындағы Star Venture бағдарламасын жүзеге асырудағы өзара ынтымақтастықтың негізі болмақ. Бағдарлама Қазақстанда дамудың бастапқы кезеңдерінде акселераторлық және венчурлық капиталды қаржыландыруды қолдауға бағытталған.
«Astana Hub-пен өзара түсіністік туралы меморандум бізге ЕҚДБ ретінде болашағы зор стартаптарға мақсатты түрде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, біз Astana Hub-пен Star Venture бағдарламасы шеңберінде перспективті стартаптарды іздестіру бағытындағы күшімізді біріктіреміз», - деді ЕҚДБ Қазақстандағы басшысы Хусейн Озхан.
Star Venture іске асыру халықаралық сарапшылар мен тәлімгерлерді тарту арқылы кең ауқымды кеңес беру қызметтерін ұсынып, Astana Hub бағдарламаларын дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
ЕҚДБ – аймақтағы ең ірі инвестор, 1991 жылы құрылған. Ашық нарықтық экономикаға көшуге, сондай-ақ жеке және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ықпал ететін жобаларға инвестиция салады. Орталық және Шығыс Еуропадан Орталық Азияға, сондай-ақ Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізіндегі 30-дан астам елде жұмыс істейді.
Сондай-ақ форум алаңында тағы бірқатар меморандумға қол қойылды: Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін киберқауіпсіздік саласындағы білім туралы меморандум - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы, Binance Kazakhstan, Astana Hub және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы арасындағы төртжақты келісім; Astana Hub пен Саха Республикасының (Якутия) IT-индустриясын дамыту жөніндегі жекеменшік қауымдастығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Еске салсақ, 2023 жылдың 2-3 ақпанында Алматыда V Халықаралық «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» цифрлық форумы өтіп жатыр. Форумда инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлері талқылануда. Форум 2018 жылдан бастап бесінші рет өткізіліп келеді.
Іс-шараны ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының Әкімдігі, Tech Garden және Astana Hub ұйымдастыруда.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін