Вице-премьер Нұрлан Байбазаров отандық IT-компаниялар мен стартаптарды қолдау шараларын талқылады
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркін аралап, оған қатысушылармен кездесті. Сондай-ақ бірқатар отандық инновациялық жобалармен танысты.
Astana Hub IT бизнес үшін экожүйені құру және дамыту, IT мамандарын даярлау әрі стартап жобаларды қолдау бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда технопаркте 1,5 мыңға жуық IT-компания тіркелген, оның 400-ден астамы шетелдіктердің қатысуымен.
Мәселен, Аlaqan стартабы – алақан тамырларын тану арқылы контактісіз төлем жүйесі. Нарықтағы жоба 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 3 өнімге ие: Alaqan Pay, Alaqan Mektep және Alaqan HR. Алақан жүйесінде 100 мың белсенді тұтынушы бар. Аталмыш жүйе айына 1,2 млн идентификация әрі тартылған $300 мың инвестицияны құрайды.
Тағы бір тың жоба – NeuronOil. Бұл машиналық оқытумен ұңғымааралық сандық моделдеуді қолданатын мұнай кен орындарын игерудің веб-тренажері. Технология жоспарланған өндіріс көлемін сақтай отырып, шығындардың өсуінсіз күнделікті мұнай өндіруді арттыруға немесе шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаһандық экспансияға бағытталған, болашағы зор қазақстандық EdTech стартап CodiPlay-дың жұмысы таныстырылды. Жоба Қазақстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қатар, Әзербайжан, Индонезия және Ұлыбритания мектептерін өз жүйесіне қосу арқылы жасанды интеллект пен виртуалды шындықты пайдаланады.
Кездесу барысында стартаптарды қолдау шаралары, нақты инновациялық жобаларды коммерцияландыру, сондай-ақ Президенттің IT-қызметтер экспортының көлемін $1 млрд-қа дейін арттыру туралы тапсырмасына сәйкес стартаптарды венчурлық қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Дереккөз: primeminister.kz сайты
Пікірлер 3
Кіру пікір қалдыру үшін
Alexandr Timofeyev · Там. 26, 2024 11:49
🔥🔥🔥
Inju Baltabekkyzy · Там. 16, 2024 14:40
Іске сәт!
Damir Uali · Маусым 23, 2024 00:56
🔥