Presight AI және Astana Hub ынтымақтастығы аясында Орталық Азия стартаптарына қолдау көрсетіледі
Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі БАӘ-нің жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау саласындағы жетекші компаниясы Presight.AI-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында Group42 құрамындағы Presight.AI компаниясы Astana Hub қатысушыларының стартап жобаларын венчурлық қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруда.
Меморандумға Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев пен Presight.AI бас директоры Томас Прамотедхам Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде қазақстандық-әмірлік инвестициялық бизнес-форумында қол қойды.
«Astana Hub Қазақстан мен аймақта инновация және стартаптарға арналған экожүйені дамыту бойынша таңқаларлықтай жұмыс атқарып жатыр. Бұл серіктестік бізге Google және Binance сияқты Astana Hub-тың негізгі венчурлық серіктесі және акселераторы болуға мүмкіндік беріп, инновациялық технологияларды енгізу бойынша талпынысымыздың аясын кеңейте түседі. Presight пен Astana Hub стартаптарды танымал етіп, олардың бизнес аясын кеңейтетін бағдарламалар легін ұсыну үшін біріге жұмыс істейді», - деді Томас Прамотедхам, Presight.AI бас директоры.
Сондай-ақ келісім аясында Presight.AI технопарктың Қазақстан, Орталық Азия, Әзірбайжан және Моңғолия қатысушыларының стартап-жобаларын Таяу Шығыс пен Африка нарығына шығаруға қолдау көрсетеді.
Цифрлық әлемдегі ең перспективалы бағыттардың бірі – жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау саласында қарқынды дамып келе жатқан Presight.AI компаниясы өнімдер әзірлеп, инновациялар енгізеді, үкіметтер мен ірі ұйымдар үшін терең аналитикаға негізделген кешенді шешімдерді ұсынып, олардың дамуына үлес қосады.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект (AI) - аса маңызды және ең жылдам дамып келе жатқан технологиялық үрдіс. Сарапшылардың дерегі бойынша AI жаһандық нарығының көлемі, бағдарламалық-техникалық құралдар мен қызметтерді қосқанда, 2021 жылы 383,3 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20,7%-ға артық. 2022 жылы нарық шамамен 450 млрд долларға өсті және алдағы уақытта да осындай динамика жалғасады.
«Осы ынтымақтастықтың арқасында біздің стартаптар венчурлық қаржыландыру мүмкіндігін ала алады. Аналитика мен жасанды интеллекті қолдану арқылы цифрлық трансформацияда жаһандық көшбасшы болуды көздейтін Presight.AI компаниясымен серіктестік - біздің экожүйені дамытудағы және IT-стартаптарымызды сыртқы нарыққа шығарудағы тағы бір маңызды қадам», - деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.
Келісім аясында венчурлық қаржыландыру және адами капиталды дамыту саласындағы диалогты нығайту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізіліп, Astana Hub базасында бірлескен бағдарламалар іске қосылып, Demo Days форматында стартап-жобалар таныстырылады. Presight.AI өкілдеріне қазақстандық компанияларды таныстыру бойынша алғашқы Demo Day биыл бірінші тоқсанда өтеді.
Айта кетсек, Astana Hub және Presight.AI арасындағы бұл ынтымақтастық ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Group42 компаниясы 2022 жылдың 28 қыркүйегінде Digital Bridge халықаралық ІТ-форумы алаңында қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумды жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Presight AI туралы
Presight AI, G42 компаниясы - жасанды интеллектпен жұмыс істейтін үлкен деректерді талдау компаниясы. Ол әрбір секторда және барлық көлемде инновациялық шешімдер көмегімен нақты мәселелерді шешу бағытында технологияларды, деректерді және адамдарды біріктіреді. Presight саясатты қалыптастыратын және қауіпсіз, салауатты, бақытты және тұрақты қоғам құратын шешімдер қабылдауға қолдау көрсету үшін Дүниежүзілік деңгейдегі компьютерлік көру, жасанды интеллект (AI) және omni-analytics платформасы арқылы деректерді бірнеше көзден пайдаланады. Толығырақ https://presight.ai
Astana Hub туралы
Astana Hub – Орталық Азиядағы ІТ-стартаптардың ең ірі халықаралық технологиялық паркі. Қазіргі уақытта технопаркте 1006 қатысушы бар. Олар 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Astana Hub-тың білім беру бағдарламаларында 18 950-ден астам адам оқыды және 2 000-нан астам адам инкубациялық және акселерация бағдарламаларынан өтті. Мұнда қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуы үшін бүкіл жағдай жасалған. Astana Hub-тың ғаламдық миссиясы — инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналу, мықты IT-компанияларды құру және әлемнің түкпір-түкпірінен жас және талантты IT мамандарын тартуға арналған орталыққа айналу. Толығырақ https://astanahub.com
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Ai Nur · Жел. 16, 2024 21:33
үлкен мүмкіндік
Ai Nur · Жел. 16, 2024 21:32
мықты