IT-community жақсылық күші

Күн сайын біз ынтымақ пен өзара көмектің күшімен шешілетін небір түрлі қиындыққа тап боламыз. Кейде тіпті болмашы әрекеттің өзі әсер етіп, басқаның өмірінде мәңгілік із қалдыруы мүмкін. Қазақстанда IT саласын дамытуға үлкен көлемде гранттар бөлініп, тегін оқытуға мүмкіндіктер жасалып жатыр. Сонымен қатар, барлық адамға тең мүмкіндіктер беруге бағытталған коммерциялық емес жобалар мен қайырымдылық ұйымдары белсенді дамып келеді. Әрекеті арқылы әлемді жақсы жаққа өзгерткісі келетіндер үшін жақсылық жасайтын қайырымдылық ұйымдары туралы айтып береміз.


«+1 Илон Маск» қайырымдылық жобасы әр балаға үйден білім алуға және дамуға мүмкіндік береді. Олардың сауалнамасы көрсеткендей, ауылдағы 196 100 бала ноутбукке мұқтаж. Бір жылдың ішінде жоба қатысушылары Қазақстанның 10 облысында іс-шара өткізіп, 156 балаға компьютер сыйлады. Компания ноутбук немесе қаражат жинап жатыр.

«1 ноутбук = 1 сәтті оқиға. 110 ноутбук = 110 сәтті оқиға. Осы сәтті оқиғалардың кейбірі қайталанатынына сенеміз. Неліктен +1 Илон Маск?  Себебі, Илон Маск – табысқа жетудің жарқын мысалы. Табыс энергиясымен зарядталған дәл осы ноутбукты алған балалардың бірі Илон Маск сияқты әлемді жақсы жаққа өзгертеді деп сенеміз. Қайырымдылық жасау үшін жас та, кәсіби дағды да, табыс деңгейі де маңызды емес, көмектесуге ұмтылыстың болғаны маңызды екенін үнемі айтып жүрміз және бұған өзіміз мысал бола аламыз. Біздің бизнес процесіміз автоматтандырылған. Қайырымдылықты ұялы телефон арқылы жасауға болады немесе онлайн өтінім беру арқылы қорға мүше бола аласыз», - дейді «+1 Илон Маск» қайырымдылық жобасының волонтеры Абылай Исин.

Children’s Development Foundation қоғамдық қоры да халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың өмір сүру сапасын және білім алуын дамытуға бағытталған. Қордың негізгі бағыттары: балаларға тәлімгер болу және оларды оқыту, «Жылы қыс» жобасы, қайырымдылық жәрмеңкелері, жарыстар және SOS жобалары. Жақында CDF волонтерлері бірнеше қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, науқас қыз Дарина Саурованың  еміне 1 500 000 теңгеге жуық қаражат жинап берді. «Жылы қыс» жобасы 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Astana Hub қызметкерлері де балалардың қысқы киімін жинауға және сатып алуға белсенді қатысты. Өткен жылдың ішінде 300-ден астам баланы қысқа дайындадық.

 Мейірім клубы (Клуб Добряков) елдегі басты волонтерлік қозғалыс ретінде саналады және 9 жыл бойы белсенді жұмыс істеп келеді. Еліміздің 8 өңіріндегі еріктілер аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен жануарларға көмек көрсетеді.  Клубтың ұраны: «Қайда болсаң да, пайдалы бол». Еріктілер қозғалысы құрылғалы бері волонтерлер елордада 15 мыңға жуық отбасына көмек қолын созса, қазір 200-ге жуық отбасын тұрақты қамқорлыққа алған. Клуб жұмысы барысында 300-ге жуық адам жаңа мамандыққа оқытылып, жұмысқа орналасты. Клуб ақша жинамайды, барлық көмек тікелей отбасыларға беріледі немесе әрі қарай отбасыларға тарату үшін заттар мен азық-түлік түрінде қоймаға жиналады. Тұрақты еріктілер саны – 130 адам.  Іс-шаралардың суреттері клубтың Instagram парақшасында жарияланған.

Қайырымдылыққа бәрі қатыса алады. Осы және басқа да ұйымдар IT-қауымдастықты қайырымдылық акцияларына қатысуға шақырады.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

👍👍👍

Жауап беру