Астанада Silkway Accelerator бағдарламасының үшінші легі оқуға кірісті

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Моңғолияның Astana Hub пен Google for Startups бірлескен бағдарламасына өткен 15 үздік стартабы үшін Opening Day ұйымдастырылды.


Кездесу кезінде стартаптар технопаркті аралап, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев хабтың қызметі мен ағымдағы көрсеткіштері, сондай-ақ стартаптарды қолдау шаралары туралы айтты. Ашылу салтанатында ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов сөз сөйлеп, стартапшыларға сәттілік тіледі. Бірінші және екінші лектің трекерлері мен қатысушылары да акселератордан алған әсерлерімен бөлісті және өздерінің жетістіктері туралы айтты.

«Бұл стартаптардың деңгейі көңілімізден шықты және бұған дейінгі екі лектің оң тәжірибесіне қарап, бұл жолғы стартаптардан да жоғары нәтиже күтемін. Алдыңғы лектегі қатысушылар жалпы алғанда жақсы көрсеткішке қол жеткізді: компаниялардың құны $300 млн, MRR $750 мың және тартылған инвестиция $7,2 млн. Үшінші лектегілер үшін де акселерация жаңа жетістіктердің бастамасы болады деген үмітіміз бар», - деді Astana Hub халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.

Үшінші лекке қатысу үшін 8 елден – Орталық Азия, Моңғолия, Әзірбайжан және Грузиядан 280 өтінім түсті. Іріктеудің төрт кезеңінен өткен  15 үздік стартап анықталды: ApartX, Bilimber, BILLZ, Cody, EZapp, Garderob, Kid Security, Kwaaka, Let's Codify, Proportunity.kz, ProsperPay, Squares, TASS VISION, TrustContract, Voiceloft.

«Бұл лекте Қырғызстаннан жалғыз стартап – біз ғанамыз. Қызметкерлерді іздеу және жалдау процесін автоматтандыруға арналған өніммен өтіп, үш айға Астанаға көштік. Маған қаланың ритмі ұнайды, өте жылдам және айти-өмір. Ең бастысы – өз үйімізде жүргендейміз. Unicorn болуға тағы бір қадам жасадық», - деп өз әсерімен бөлісті Let's Codify компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Динара Руслан.

Silkway Accelerator бағдарламасының үшінші легін оқыту Астанада офлайн тәртіпте өтіп, үш айға созылады. Акселератор қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub маңында тегін баспана мен жұмыс орнына ие болды.

Үшінші лектегі стартаптар туралы, сондай-ақ бірінші және екінші легінің жетістіктері туралы толығырақ astanahub.com платформасынан білуге болады.

Еске салсақ, Қазақстан биыл Орталық Азиядағы Google for Startups жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін бірінші және жалғыз мемлекет мәртебесінде қала бермек. Silkway Accelerator бірлескен бағдарламасының өткен жылғы екі легінің тиімділігі мен өнімділігін ескере отырып, Google for Startups 2023 жылы Astana Hub-пен эксклюзивті серіктестігін жалғастыратын болады.

Google for Startups - 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және технологиялық кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін